Жыл сайын өткізілетін республикалық «Үздік мемлекеттік қызметші» конкурсына құжаттар қабылданып жатыр. Аталған конкурсқа мемлекеттік қызметте өтілі бір жылдан кем емес, алынбаған әкімшілік және тәртіптік жазалары жоқ мемлекеттік қызметшілер қатыса алады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің өкілі Хакімбек Атадусовтың айтуынша, конкурсқа құжаттарды қабылдау 5 мамырға дейін жалғасады. Қазіргі таңда 7 мемлекеттік қызметші құжаттарын тапсырған. «Айта кетейін, конкурс екі негізгі кезеңде өтеді. Бірінші кезең – өңірлік кезең, оны өңірлік конкурстық комиссиялар өткізеді. Екінші кезеңге жолдама алған жеңімпаздар ғана республикалық деңгейде өз бақтарын сынайды», - дейді Хакімбек Атадусов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте. Былтыр 27 үміткер өңірлік кезеңде бақ сынап, 4 қатысушы республикалық кезеңге жолдама алған еді. Олардың ішінде Маңғыстау облысының атынан қатысқан екі мемлекеттік қызметші Бауыржан Тұяқов пен Рамир Алекберов жеңімпаз атанғаны белгілі. «Бұл конкурс маған ерекше мотивация болды. Санамда жеңіске деген ұмтылыс, қызметіме деген зор ықыласым биікке шығарды. Ұйқысыз өткізген күндерім текке кетпегенін, бүгінде әріптестерімнің маған мақтанышпен қарағанынан түсінемін. Бір түйгенім, адам өзін дамытудан ешқашан жалықпау керек. Бұл сайыстың арқасында көп нарсе үйрендім. Республикалық кезеңде облысымыздың атын асқақтатқаныма қуанамын», - дейді «Үздік мемлекеттік қызметші – 2018» конкурсының жеңімпазы, Маңғыстау облысы жастар мәселесі жөніндегі басқармасының басшысы Бауыржан Тұяқов. «Жыл сайын әр мекеме жас мамандармен толығуда. Олардың «Әдеп кодексінен» бастап, заңнамаларды білу деңгейін саралау үшін бұл конкурстың маңызы зор. Былтырмен салыстырғанда қатысушылар дені артып, конкурсқа деген қызығушылық басым болғаны бізді қуантады. Мемлекеттік қызметкерді басқа қырынан танытып, шығармашылық тұрғыдан дамып, мол мүмкіндікке қол жеткізуіне жол ашады. Сондықтан бұл шараның жоғары деңгейде өтуіне қоғам болып атсалысуымыз керек», - дейді комиссия мүшелері – «Маңғыстау Медиа» ЖШС директоры Айсұлу Дутбаева және «FORTE BANK» АҚ филиалының директоры Аббат Өрісбаев. Сонымен қатар «Үздік мемлекеттік қызметші – 2018» конкурсының жеңімпаздары, облыстық жастар мәселесі жөніндегі басқармасының басшысы Бауыржан Тұяқов пен облыстық қаржы басқармасының бөлім басшысы Рамир Алекберов өз әріптестерін сайысқа белсене қатысуға, өздерін жаңа қырынан көрсете білуге шақырды.
Жұлдыз ҚАЛИЕВА Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" td_gallery_title_input="«Үздік мемлекеттік қызметші» конкурсы" ids="77797,77802,77796,77811,77800,77801"]