Қазақстан мен Каспий маңы мемлекеттері арасында тұрақты фидерлік кеме қатынасы орнады. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ қолдауымен Ақтау теңіз портынан еліміздің алғашқы «Түркістан» фидерлік кемесі Баку портына жол тартты. Ел тарихында маңызы зор осынау шараға «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, «Қазақстан темір жолы» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев және «ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев қатысты. Ақтау теңіз айлағынан астық толы контейнерлер тиелген «Түркістан» жүк кемесі Баку портына жол тартты. Бортына жиырма футтық 225 контейнер артқан кеме Әзірбайжанға он алты тәулікте жүзіп барады. Жеткен соң контейнерлер платформаларға салынып, темір жол арқылы түрік порттарына, әрі қарай Еуропаға бағыт алады. Айта кетсек, фидерлік су көлігі аптасына бір рет сапарға шығып тұрады. Бір кемеге толық құрамды екі контейнерлік пойыз сыйдыру мүмкіндігі бар. «Қазіргі таңда еліміздің көлік-логистикалық кластерінің қуатты дамуына қол жеткізетін көлемді бағдарламаны жүзеге асыруда табысты нәтижелер байқалуда. Бүгінгі фидерлік желінің ашылуы – осының айқын дәлелі», – дейді «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов. Қазақ портына экспорт тауарлармен қатар Қытайдан Еуропаға шығатын транзиттік жүктер контейнермен келеді. Бұдан соң паромдармен жіберіледі. Енді бірден фидерлік кемеге тиеп, тасуға мүмкіндік туды. «Қытайдан басталған жүктер біздің елімізден өтіп, осы фидерлік кемемен Кавказ мемлекеттері, Түркияға, Қара теңіз маңайындағы Еуропа мемлекеттеріне барады. Сондықтан бұл – өте жақсы жоба», – дейді «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев. «KTZ EXPRESS» АҚ басқарма төрағасы Дмитрий Абдуллаев контейнерлік пойыздар құрамының транзиттік тасымалын он алты тәулікте орындау жоспарланғанын жеткізді. «Фидерлік тұрақты қатынастың орнауы транскаспийлік көлік бағыты бойынша жүк тасымалының артуына оң ықпал етеді», – дейді Д.Абдуллаев. Фидер желісінің салтанатты ашылу шарасында Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Ақтау портында жаңа жүйенің қосылуы аймақ үшін де, еліміз үшін де өте маңызды екенін айтып, қазақстандық теңіз индустриясын қарқынды дамытуға үлкен ықпал жасайтынын жеткізді. «Құрметті қонақтар мен бүгінгі іс-шараға қатысушылар! Ең алдымен, өңірімізге ат басын бұрып арнайы іссапармен келіп отырған Ахметжан Смағұлұлына, Сауат Мұхаметбайұлы мен Алик Серікұлына Маңғыстау облысындағы барлық бастамаларға қолдау көрсетіп жүргендеріңіз үшін алғыс білдіргім келеді. Киелі Маңғыстауға қош келдіңіздер! Біз облысымыздың экономикасы мен көлік инфрақұрылымын дамытуға жол ашатын тағы бір маңызды тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Жалпы Қазақстанның, соның ішінде Маңғыстаудың инфрақұрылымын дамытудың негізін қалаушы тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасы бойынша 2,5 мың км жаңа темір жол және 12,5 мың км автожол салынды. Бұл Қытайдан Парсы шығанағы мен Еуропа елдеріне біздің порттар арқылы жүктерді тасымалдау нәтижесінде республиканың транзиттік әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп отырғаны сөзсіз. Осының арқасында, біз тәуелсіздік жылдары логистика саласындағы халықаралық қауымдастықтардың толыққанды мүшесі болдық», – деді Ералы Тоғжанов. Аймақ басшысы транскаспий бағыты Қазақстанның транзиттік дәліздерінің жүйесін толықтыратын аймақтағы еуразиялық көлік артерияларының маңызды буыны екенін айта келе, Каспий еліміздің транзиттік әлеуетін іске асыруда стратегиялық рөл атқаратынын атап кетті. Оның айтуынша, Маңғыстау өңірі теңіз инфрақұрылымын шоғырландыру және дамыту орталығы бола отырып, халықаралық-экономикалық ынты мақтастықты дамытуға елеулі үлес қосады. «Бүгінгі күнде Каспий порты жетілдірілген және табысты қызмет атқарып отыр. Фидерлік жүйенің қосылуы транзиттік әлеует пен трансқазақстандық дәліз қуаттылығын арттыруға мүмкіндік береді. Фидерлік су кемесінің іске қосылуымен Ақтау порты арқылы жүк жөнелту көлемі 2018 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда биыл 10%-ға, 2020 жылы 22%-ға өседі. Порттың жалпы кірісі 2018 жылға қарағанда 2019 жылы 13%-ға, 2020 жылы 40%-ға арта түседі. «Нұрлы жол» бағдарламасын және Қазақстанның транзиттік стратегиясын дамыту нәтижесінде Ақтау портына көлемді транзиттік жүк тартуға мүмкіндік тудыратын транспорттық маршруттар өңделді. Соңғы бес жылда Қазақстан территориясы арқылы контейнерлік жүк легі 100 есеге артты. Біз бүгінгі маңызды оқиға облысымызға инвестиция көлемін арттыруға және келешекте еліміз бен өңіріміздің теңіз индустриясын қарқынды дамытуға үлкен ықпал жасайтынына сенімдіміз. Бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, осы жобаға басынан бастап қатысқан және оның жүзеге асырылуын қамтамасыз еткен барлық азаматтарға алғысымды білдіргім келеді. Баршаңызға жұмыста жаңа жетістіктер, барлық бастамаларға сәттілік және қойылған міндеттерді шешуде табыс тілеймін!» – деді облыс әкімі Е.Тоғжанов. Фидерлік су кемесін іске қосудың тиімділіктері көп. Тарқата айтсақ, Ақтау порты арқылы жүк көлемі 50%-ға көбейеді. Шетелдік инвесторларды аймаққа тарту, Ақтау теңіз порты еркін экономикалық аймағындағы контейнерлерді өңдеу бойынша логистикалық хаб құру мүмкіндігі артады. Сонымен қатар жаңа сервистік қызметтер есебінен қосымша табыстар көлемі де өседі, жаңа жұмыс орындары құрылады. Қазақстан флотының дамуы, оның Каспий теңізіндегі тасымал жасаудағы үлесі артады. Контейнер жүктері көлемінің өсуімен негізгі капиталдағы инвестиция көлемі де көбейе түспек. 160 жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке қосымша салық түсімі де артады. Шара соңында фидерлік тұрақты кеме қатынасына жауапты ұлттық компания басшылары құрғақ жүктерді тасымалдаудың бас келісіміне қол қойды.
Жайық НАҒЫМАШ Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="77787,77784,77788,77786,77785"]