ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Үйлестіру кеңесінің селекторлық отырысында «Маңғыстау облысындағы балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу бойынша 2018–2021 жылдарға арналған ісшаралардың орындалысы» бойынша мәселе қаралып, оған Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Сәкеев пен Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғатбек Бапиев қатысты. Мәселе жан-жақты талқыланып, облыс көлемінде тиісті ісшаралар жүргізуді ұсынды. Бұл жөнінде денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады. Бізге жеткен ақпараттарға сүйенсек, облыста кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу бағдарламасы аясында психиатрия саласындағы 38 және бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының 165 дәрігері 2 кезеңмен оқытылды. Сонымен қатар білім басқармасы саласында республикалық біліктілікті арттыру курстарынан 35 психолог маманы өтті. Кәмелетке толмағандар арасында қауіп-қатер тобына жататындарды анықтау мақсатында нақты жауапты мамандар, яғни жалпы тәжірибелік дәрігерлер, психиатр дәрігерлері, психологтар арасында ұйымдастыру құрылымы мен өзара әрекет ету алгоритмі жасақталып бекітілді. Облыстық білім басқармасымен бірлесіп, суицидтік мінез-құлқына бейім қауіп-қатер тобына жататын кәмелетке толмағандарды анықтау кезінде суицидтік қауіп-қатер тобына жататын 1056 оқушы анықталып, алдын алу жұмысы жүргізілді. Оның 936-сын жалпы тәжірибелік дәрігерлер қарап, төтенше қауіп-қатер тобына жататын 253 оқушыны психиатр дәрігер қараған. Ал 6 оқушы ата-анасының рұқсат бермегендіктен мамандарға қаралмаған. Олардың үшеуі Ақтау қаласында, үшеуі Жаңаөзен қаласында. Жобаға мектептер мен колледждерден 21 270 жасөспірім қатысқан. Осы қатысқандардың ішінен суицидтік қауіп-қатер тобына жататын кәмелетке толмаған 797 жасөспірім анықталды (мектептен – 429, колледжден - 139), бұлардың арасында төтенше қауіп-қатер тобына 229 оқушы енген (мектептен – 165, колледжден - 64). Олардың 717-сі жалпы тәжірибелік дәрігерлерге, 551-і психиатр дәрігерге төтенше қауіп-қатер тобымен қоса қаралды. Былтыр 15–18 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында 12 (2017 жылы 8) жағдай тіркелді. Анығын айтсақ, Ақтау қаласында – 4, Мұнайлы ауданында – 4, Түпқараған және Маңғыстау аудандарында екеуден. Негізгі себептер – ата-ана және туыстар арасындағы түсініспеушілік, жаңа оқу орындарына үйреніспеуі. Биылғы 1-тоқсанда аяқталмаған 3 жағдай тіркелді. Ал 2018 жылы 1 аяқталған және 3 аяқталмаған оқиға тіркелген болатын. 2018 жылы облыстық психоневрологиялық диспансерде білім беру ұйымдарының психологтары пікір алысу және мониторингтік жұмыс жүргізу бағытында, Жаңаөзен қаласы мен Мұнайлы ауданында жауапты үйлестіруші маманның қатысуымен өзіне қол жұмсаудың алдын алу мақсатында дәрігер психиатрлар мектептер мен колледждердегі мұғалімдер, психологтар, ата-аналар арасында 8 ағартушылық жұмыстар жүргізді. Сондай-ақ былтыр Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің қатысуымен «Әскери қызметшілердің қызметтен тыс кезінде өз-өздеріне қол жұмсауының және басқа да қылмыстардың алдын алу, тұрмыстық-отбасылық мәселелердің шешілуі» тақырыбында төтенше жағдайлар департаментінде «Суицидке жол жоқ» тақырыбында психиатр маман дөңгелек үстел және сабақтар өткізді. Бұлардан да басқа осы бағыттағы шаралар жалғасын табуда.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА