©
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың қатысуымен кезекті аппарат жиыны өтті. Онда облыс бойынша маңызды мәселелердің бірі алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту шаралары және ветеринарлық, фитосанитарлық (карантиндік) қауіпсіздіктің жай-күйі қаралды. Қазіргі таңда облыс бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 20 медициналық ұйым бар, оның 40%-ы (8) жеке меншік. Елбасының 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауына сәйкес денсаулық сақтау саласында БМСК-нің қолжетімділігін арттыру бойынша нақты тапсырмалар жүктелгені белгілі. Осыған орай облыс көлемінде маңызды іс-шаралар атқарылуда. «Біздің бірінші міндетіміз – жалпы тәжірибелік дәрігерлердің жүктемесін азайту. Мәселен, 2017 жылы бір дәрігерге 2185 адам тіркеліп қаралатын болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 1905-ке тең болды. Енді ағымдағы жылдан бастап бұл санды азайту мақсатында облыс бойынша тағы да 44 учаске ашылды. Нәтижесінде әр учаскеге тіркелген халық санын 1700-ге дейін азайттық. Наурыз айының қорытындысы бойынша учаскелердің саны 17 пайызға өсті», – дейді денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғатбек Бапиев. Сонымен қатар өңірде учаскелердің саны көбеюіне байланысты, БМСК-лерде кабинеттер жетіспеушілігі байқалады. Сондықтан биылғы жылы өңірде 5 БМСК салу жоспарланған. Сондай-ақ облыс көлемінде денсаулық саласында кадр мәселесі де өзекті. Мәселен, қазіргі таңда облыс бойынша 292 учаскеде 193 дәрігер жұмыс істейді. Т.Бапиев мырзаның айтуы бойынша бұл өз кезегінде 99 дәрігердің тапшылығын көрсетіп отыр. Осы тұста облыс әкімі аты аталған мәселені шешу үшін жас мамандарды жұмысқа тарту мақсатында оларға жан-жақты көмек көрсетілуі керек екенін алға тартып, тиісті басшыларға тапсырма берді. Қазіргі таңда облыс көлемінде ветеринарлық қауіпті аурулар жоқ. Сондай-ақ 2018 жылы ветеринарлық іс-шаралардың бекітілген жылдық жоспарына сәйкес аса қауіпті 9 ауруға қарсы 972 150 доза вакцина егілсе, 2019 жылы 783 830 доза вакцина қолдану жоспарланған. Бұл туралы ветеринария басқармасының басшысы Шамғали Хамиев айтып өтті. «2018 жылдың қаңтар-ақпан айларында облыс аумағында құтыру ауруына қарсы күрестің санитарлық және ветеринарлық ережелеріне сәйкес ауру ошақтарында залалсыздандыру және сауықтыру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде былтырғы наурыз айынан күні бүгінге дейін құтыру ауруының бірде бір оқиғасы тіркелген жоқ», – деді Ш.Хамиев.Айгүл ОРЫНБАЕВА Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ