Ақтауда көзі нашар көретін балалар үшін «балалардың көзін қорғау» кабинеті ашылды. Бұл кабинетте көздің көру қабілетін мен көздің қылилануын қалыпқа келтіретін ем жасалады. Бұнда балалар көзінің жақсы көруіне септігін тигізетін Синоптофор СИНФ-1 қондырғысы мен компьютерлік бағдарлама арқылы арнайы көзілдірік киеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Енді Ақтауда көзінде ақауы бар және көз ауруларымен кезекте тұрған балалардың кезегін жылдамдату мен емдеу сауықтыру шараларын жасайтын кабинет ашылды. Бұл кабинет «Сенім» қалалық емханасының 4 қабатында орналасқан.
«Қазір балалар ұялы телефонда телміріп ұзақ отырады, соның салдарынан қоғамда көздің қылилануы белең алып жатыр. Осы мәселенің алдын алсақ, бүлдіршіндердің көздерін отасыз қалыпқа келтіруге болады. Көзілдірікті кимей, көз көру қабілеті артады», - дейді «Нұрлы Ақтау» қоғамдық бірлестігі директоры Нұргүл Сағындықова.
Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі және жетім балалар жылына 2 рет тегін курстан өтуге болады. Ал алтын алқа немесе күміс алқа иелеріне 30% жеңілдік беріледі.
Айта кетелік, 2 дәрігер-офтальмолог пен 1 техникалық қызметкер тұрақты жұмыспен қамтылған.
Ақкенже БЕРКЕНОВА