Бүгінгінің батырлары деп кімді атауға болады. Батыр - жаугершілік заманда елін қорғайтын адам болса, ал бейбіт заманның батырлары деп елінің қамын ойлап жүретін жандарды айтуға болатын шығар. Бүгін Сайөтес ауылында туып-өскен қос азаматтың туған жеріне жасаған игі жақсылықтарын сөз еткіміз келіп отыр. Оның бірі – Қанат Әбдиев болса, екіншісі – Бердімұрат Төрекенов.
Сайөтестегі балалар ойын алаңы
Қ. Әбдиев ауыл балаларының асыр салып ойнайтын алаңның жоқтығын көріп, оны салу қажет деп түсінеді. Бүлдіршіндердің қауіпсіз жерде ойнағанын қалап, Сайөтес ауылының жастарымен бірігіп, аумағы 44,5м×23м болатын ойын алаңын көз тартарлықтай етіп салған. Қазір сайөтестік балалар ата-анасының көз алдында алаңсыз асыр салып ойнап жүр. Сондай-ақ ол жерде балаларын жетектеп келген ата-аналардың отырып демалуына жағдай жасалған. Қанат Әбдиевтің айтуынша, шағын ауылда қажет дүниелердің бәрі тайға таңба салғандай анық көрініп тұрады және уақытты босқа жібермей ауылды жандандыруға көмектескен абзал. Сонымен қатар бұл ер азамат Сайөтес жастарымен бірлесе отырып ауылдың 1 көшесіне жарық қондырған. Сондай-ақ ауыл көшелеріне де тазалық жұмыстарын жүргізіп келеді. Әлеуметтік мәселелерін шешуге бастамашыл болып жүрген Қанат Әбдиев жастармен кездесіп, ауыл игілігі үшін әлі де атқарылатын жұмыстар жөнінде ой бөлісіп отырады екен. «Ауылға қажет дүниелерді сөз етеміз. Тек менің ғана еңбегім емес, бұның бәрі ұйымдасып істелетін жұмыс деп есептеймін», - дейді Қ. Әбдиев. Былтырдан бері Ақтау қаласында тұрса да, әлі де ауылын көркейтуге жәрдемдеспек ниетте. Айта кетерлігі, ол қалтасы қалың бизнесмен емес, табысы тасыған кәсіпкер де емес. Ол "КСОІ" компаниясында ауыр жүк көлігін жүргізуші болып жұмыс істейді екен. Өз ісі арқылы Қ.Әбдиев мәселе қаржыда емес, игі ниетте екенін көрсетті.Спортқа жанашырлық спортқа деген қызығушылықтан басталады
Сайөтестік 1979 жылғы туған Бердімұрат Төрекенов те ауылын көркейтуге біраз үлесін қосқан. «Арғымақ Транс Сервис» мекемесінде жұмыс жасайтын азамат жалақысын өзіне ғана емес, ауылдың игілігіне де жұмсайды екен. Әңгіменің әлқиссасынан бастайын, өзі жастайынан спортқа қызығушылығы артып, Алматы қаласына оқуға кетпек болады. Бірақ әкесіне қолғабыс ету үшін туған өлкесінде қалған. Сол 2008 жылдан бері ауылдағы спорт саласына көңіл бөліп, қоғамға белсенді араласып келеді. Басында «Жауқазын» балабақшасының ішін сәндеуге де жәрдемдескен екен. [caption id="attachment_69666" align="alignleft" width="218"] Бердімұрат Төрекенов[/caption]2015 жылы өзі сияқты спортқа қызығушылығы бар ауыл баласы Н. Масатовтың Ақтаудағы жоғарғы оқу орнына түсіреді.
«Талабы мен таланты қатар шапқан спортшы баланы көре тұра бей-жай қарай алмадым», - дейді Бердімұрат Төрекенов.
Кейін аудан басшыларымен кеңесіп, оны дзюдо мен қазақ күресінен спорт мектебіне жаттықтырушы етіп жұмысқа орналастыруға септігін тигізеді.
Н.Масатовтың оқуына қанша қаражат кеткенін сұрағанымда салмақты қалыппен жарияға жар салғысы келмейтінін жеткізді. Сондай-ақ ол өз қаражатына спортшы Нұркен Домбаевқа жаттығуға қажетті груша алып берген екен. Онысын міндетсінбей "бұл - адамдық борышым" деді.«Б.Төрекенов бізге келіп, қандай шара ұйымдастырғысы келетінін айтып отарады. Ұсыныстарын білдіреді. Кейде өзінің жеке тракторымен ауыл көшелерін тазалап жүреді. Жасаған еңбегіне ақы алмай шынайы жанашырлық танытады», - дейді Маңғыстау аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Аллаберген Қонарбаев.
"Сонымен қатар 2016 жылы Мыңкісі ата және былтыр Шетпе ауылынан 30-40 шақырым жердегі Құлбарақ атаның қорымында 3 күн арнайы тазалық жұмыстарын жүргізді, - деп атап өті Аллаберген Қонарбаев.
Расымен, жігіттердің бұл әрекетін азаматтық деуге болады.
Ауылдың айнасы – жол
Мақаламыздың кейіпкерлері - қос азамат пен ауыл жастарының бітірген жалғыз ісі емес. Олар 2017 жылы ауыл көшесінің 3 шақырым жолын жөндеген. Бұл - ауыл жастарының туып-өскен өлкесіне деген перзенттік махаббатының дәлелі.
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="69655,69654,69656"] Сонымен қатар Қанат Әбдиевтің бастамасымен, сайөтестік жастар да ұйымдасуымен ауылға еңбегі сіңген даңқты спортшыларға арнап үлкен билборд жасалған. Ал Бердімұрат Төрекенов сол билбордқа зақым келмеу үшін артына шатыр орнатқан. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="69659,69660"]Жалпы, Сайөтес ауылының ер азаматтарын бүгінгінің батырлары десек артық етпес. Өйткені алдыңғы буыннан үлгі алған ауыл мектебінің 1991 жылы туған түлектері де жақсы істі жалғастырып жүр. Олар «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» ауылға сахна салып беріпті.
Ақкенже БЕРКЕНОВА
Суреттерді Қ. Әбдиев пен Б. Төрекенов ұсынды