©
Павлодар қаласында өтіп жатқан балалар арасындағы шахмат чемпионатында маңғыстаулық қос спортшы алтын медальға ие болды. Медаль иелерінің біреуі – Эдгар Мамедов 10 жастағы балалар арасында жеңіске жетсе, ал 6 жастағы Амангелді Рамазан құрдастарының арасынан озық шыққан. Айта кетелік, бұл - Эдгар Мамедовтің осы турнирдегі 2-ші алтын медалі. Бұл жөнінде Маңғыстау облыстық спорт басқармасы мәлімдеген еді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Чемпионат 4-16 қаңтар аралығында Павлодар қаласында өтеді. Бұл жарысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен 6-18 жас аралығындағы 700-ге жуық шахматшы келген. Салтанатты шарада чемпионат жеңімпаздарына медаль табысталып, ақшалай сыйлықтар, диплом беріледі. Сонымен қатар рапид пен блиц бойынша чемпионаттың жүлдегерлеріне халықаралық турнирлерге қатысуға жолдама беріледі. Атап айтқанда 8, 10, 12, 14, 16,18 жастағы чемпиондар 20 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында Қытайдың Вайфэн қаласында өтетін кадеттер арасындағы әлем чемпионатына жəне 1-13 қазан аралығында классикалық шахмат бойынша юниорлар арасындағы Үндістанның Нагпур қаласында өтетін әлем чемпионатына қатысатын болады. Ал классикалық шахмат бойынша Азия чемпионатының күміс жүлдегерлері - 1-10 сəуір күндері Шри-Ланкада өтетін балалар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатына жолдама алады. Классикалық шахмат бойынша қола жүлдерлері де 7-14 қыркүйек күндері Үндістанның Гургаон мен Харьяна қалаларында өтетін Батыс Азия чемпионатында бақ сынамақ.
Ақкенже БЕРКЕНОВА
Суреттер profchess.kz сайтынан алынды