2018 жылы Маңғыстау облысында көлемі 57, 0622 гектар болатын 167 жер телімі сатылған. Жыл бойы 19 аукцион өткізіліп, аталған жер телімі 1 млрд. 312 млн. теңгеге сатылған. Сондай-ақ өткізілген 4 конкурс арқылы 57580,4 гектарды құрайтын 143 жер телімі ауыл шаруашылық мақсатта берілді. Бұл жөнінде облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Есемұрат Дүзмағамбетов ӨКҚ өткен брифингте айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Былтыр жер қойнауын және жер телімін пайдалану үшін облыстық комиссияның 6 отырысы өткен. Отырыста пайдалы қазбалар бойынша – 26 өтініш қаралса, көмірсутегі шикізаты бойынша 15 және әскери бөлім бойынша 16 өтініш тексерілген. 3 өтініш инвестициялық жоба негізінде, ал магистральдық құбыржолдарға берілген жер телімі бойынша түскен 1 өтініш қаралған.
«2018 жылы жер қойнауын пайдалану үшін жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен беру жөнінде Маңғыстау облысы әкімдігінің 34 қаулысы қабылданды. Қабылданған қаулыда ауылшаруашылық жерлерін өндірістік мақсатта пайдалану үшін жалға беру бойынша 58 млн 401 мың теңге болды. Оның 40 млн 643 мың теңгесі бюджетке түскен. Қалған 17 млн 757 мың теңгесі шешім қабылдаған күннен 6 ай мерзімде бюджетке өтеледі», - деді облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Есемұрат Дүзмағанбетов.
Айта кетелік, Бейнеу, Сарға, Таушық, Басқұдық, Атамекен елді-мекендердің шекаралары белгіленген.
Ақкенже БЕРКЕНОВА
Суретті Өңірлік коммуникациялар қызметі ұсынды