©
Маңғыстау облысында балалар арасында қызылша эпидемиясының жайылу қаупі жоқ. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайтына облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметкері Азамат Сәрсенбаев мәлімдеді.
«Жыл басынан бері Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының инфекциялық бөлімшесіне қызылша жұқтырды деген күдікпен 2 бала түсті. Зертханалық тексерулер нәтижесі бойынша тек бір баладан ғана қызылшаның инфекциясы анықталды», - деп мәлімдеді ол.
Инфекциялық бөлімшенің статистикалық мәліметіне сәйкес, 2018 жылы қызылшамен аурудың 3 жағдайы тіркелген. Олардың екеуі - 2 жасқа дейінгі, біреуі - 5 жасқа дейінгі бала. Балалар аурудан асқынусыз айыққан.
Айта кетелік, қызылша - кең таралған жіті инфекциялық ауру, көбінесе балалар ауырады. Оның алғашқы белгілері - дене қызуының 38—40°C дейін көтерілуі, мұрын, көз, тамақ қабынуы және теріде бөртпенің пайда болуы. Аурудың алғашқы белгілері мен оның алдын алу және емдеу жолдары туралы мына жерден білуіңізге болады.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Көрнекі сурет сайттан