©
Өткен жазда, яғни Астана күніне орай Жаңаөзендегі Рахат ауылындағы «Ақсу» шағынауданында ауылдық емхана ашылған болатын. Кешегі Жаңаөзен қаласының 50 жылдығы тойланып жатқан кезде «Жалымбетов медицина орталығының» қасынан және бір отбасылық емханасы ашылды. Енді міне тағы қаладағы «Көктем» шағынауданында жеке медицина орталығы ашылып отыр. Бұл еліміз Тәуелсіздігіне арналған тартымды тарту болды. Жалпы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы Жолдауында ел экономикасына серпін беріп, қозғау салатын саланың бірі – шағын және орта кәсіпкерліктің әлеуетін арттыру мәселесін назардан тыс қалдырған емес. Кәсіпкерлік саласын ел экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналдыру. Осы орайда Жаңаөзен қаласында орта және шағын бизнесті қолдауға және одан әрі дамыту үшін «Нұр Капитал» жобасы жүзеге асырылған болатын. «Нұр Капитал» бағдарламасының мақсаты – туған жер жобасы аясында, халықтың қоғамдық санасын жаңғырту арқылы елдің, аймақтың экономикасын арттыруға айырықша атсалысып, шынайы патриотизмді ояту. Аталған жоба аясында мамандандырылған сапалы медициналық қызмет көрсетіп, тұрғындардың денсаулығын жақсартуға арналған. Міне, осы орайда «СезаМед ЖШС және ИП Әбішев» жекеменшік медицина орталығы ашылып отыр. Осы медицина орталығының қаржы бойынша директоры Мақсат Егембердиевтің айтуына қарағанда,аталмыш медицина орталығын ашу үшін «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы мен аймақтық «Нұр Капитал» бағдарламасы арқылы 120 миллиондық несие алған. Соның ішінде 90 млн теңгесі «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы және 30 млн теңгесі «Нұр Капитал» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылған. Бұл жерде 20 адамға күндізгі бөлімде медициналық қызмет көрсетілетін көпсалалы орталық болып табылады. Орталықта УЗИ, кардиология, лор, гастролитролог, стамотология бар. Бастапқы кезде қазірше 8 маман жұмыс жасайтын болады. Одан әрі 18-20 маманға дейін жеткізуді көздеп отыр. Қажетті мамандарды Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарынан алдырмақ ойлары бар. Солармен тәжірибе алмасып, жұмыс жасаймыз деген ниетте көрінеді. Басқа жақтағы мамандар келіп-кетіп, ал жергілікті медицина қызметкерлері осы жерде тұрақты еңбек ететін көрінеді. Ашылу салтанатында шығып сөйлеген Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Дауылбаев пен денсаулық саласының үздігі, Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы Сүлеймен Бердәулетов аталмыш орталық қожайыны Бегжан Әбішовке құтты болсын айтып, сәттілік тілеп, жиналғандарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Содан кейін орталық ішін аралап көрді.Мұратбай ҰЛЫҚПАН