Маңғыстау облысы Денсаулық сақтау басқармасының өңірлік Call-орталығына 2018 жылдың 11 айында 55 754 қоңырау түскен. 55089 (98,8%) адам түрлі мәлімет алу үшін соқса, 665 (1,2%) өз шағымдарын қалдырған. Басқарманың мәлімдеуінше, былтыр 11 айда 741 шағым түсіпті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жыл басынан бері түскен 665 арыз-шағымның 480-і жылдам шешілген. Қалғандары 15 күн ішінде қаралған. Дәрі-дәрмекпен қамтуға қатысты былтыр 69 шағым түссе, биыл – 45.
Былтыр арыз-шағымның басым бөлігі емханалар мен тіркеу бөлімінің жұмысына қатысты болыпты. Биыл тұрғындар медициналық қызметкерлердің этикасына сын айтқан.
«Егер шағым негізді болса, қызметкерлерге түрлі айыппұлдар салынады», - деп атап өтті Денсаулық сақтау басқармасындағылар.
«Түскен сұрақтарға талдау жасасақ, 13 200 тұрғын амбулаторияның, 960 адам стационарлық қызметтің жұмысы, 887 адам дәрі-дәрмек туралы мәлімет алды. 5 411 адам дәрігердің қабылдауына жазылса, 800 адам дәрігерді үйге шақыртқан. 652 адам медициналық сақтандыру, 513 адам мүгедектік туралы ақпарат алды», - деп мәлімдеді Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Айта кетелік, өңірлік Call-орталық 2015 жылдығы 10 қыркүйекте құрылды. Орталықтан тегін және ақылы медициналық көмек туралы, дәрі-дәрмекпен қамту, медициналық сақтандыру туралы ақпаратты білуге болады. Сондай-ақ медициналық көмек сапасына көңіліңіз толмаса, дәрігерлер мен медбикелер дөрекілік көрсетсе хабарласуыңызға болады.
Call-орталық күндіз-түні жұмыс жасайды: 8 (7292) 303060, +7 (775) 8776259, электронды поштасы: reg_call-center@mail.ru, сайт www.reg-callcenter.kz
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суретті МО Денсаулық сақтау басқармасы ұсынды