Маңғыстау облысы құрылыс қарқыны бойынша Астана және Алматы қалаларымен бірге үздік үштікке еніп отыр. 2017 жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 197 млрд. теңгені құраса, 833,022 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. 2018 жылдың 6 айында 75 млрд. теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, тұрғын үй көлемі 649 мың шаршы метрді құраған.
Бұл туралы құрылысшылар күніне орай өткен мерекелік жиында айтылды. Маңғыстаудың құрылыс саласына еңбегі сіңген мамандар, мемлекеттік органдардың, ірі кәсіпорын басшылары мен құрылыс саласының ардагерлері қатысқан салтанатты шара барысында өңірдің құрылыс саласының дамуына зор үлесін қосқаны үшін Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің «Құрметті құрылысшы» төсбелгісімен «Бисентин» ЖШС бас инженері Мейрамбек Қымбатов, «Le Pes»ЖШС прорабы Вера Ефименко, Гиджран Габибов, «Альянс LTD» ЖШС директоры Галина Ким, «Айком ЛТД» ЖШС құрылыс учаскесінің бастығы Медеу Кенжетаев, «Актау БС Строй» ЖШС бас директоры Сұңғат Мұңалбаев марапатталды. Сондай-ақ үздік құрылысшыларға ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды. Салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына сәйкес, республикада алғаш болып, әрқайсысы 72 пәтерлік, 9 қабатты 4 үйді ақпараттық модельдеу немесе ВІМ-технологиямен жобалауға тапсырыс берілді. Бұл технология салынатын нысанның құрылысының толық ақпараттық сипаттамасын жасауға мүмкіндік беріп қана қоймай, жалпы шығындарды 15%-ға дейін қысқартуға және де барлық бақылау жүйесін автоматтандыруға мүмкіндік береді», - деді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Сәкеев.
Маңғыстау облысы әкімнің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңірде ұзақ жылдар шешімін таппай тұрған Ақтау қаласының 33 шағын ауданындағы құрылысы басталған тұрғын үйлердің 1 кезеңі тапсырылып, «Облыстық онкологиялық орталық», Ақтау қаласындағы №2 канализациялық-тазарту имараты, «Ана мен бала орталығы» сияқты нысандардың құрылысы қолға алынған.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалға берілетін тұрғын үй құрылысы бойынша Мұнайлы және Қарақия аудандарында 312 пәтерді құрайтын тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілді.
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ