©
Ақтау қаласында «Абай» мәдениет орталығында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын түсіндіру жиыны өткізілді. Жиында «Тұрғын-үй комуналдық шаруашылығын цифрландыру", «ДамуМед» медициналық ақпараттық жүйесі, Egov.kz үкіметтік порталы цифрландыру саласындағы мамандары мемлекеттік бағдарламаға көшу туралы айтты.
Egov.kz электронды үкімет порталы - мемлекеттік органдарға кезекті қысқартып, әр түрлі анықтама, рұқсат құжаттарын және т.б. құжаттарды алуды жеңілдетуге, тез алуға зор мүмкіндік береді.
«Egov.kz мемлекеттік үкімет порталында сіз ЭЦҚ кілтіңізбен (электрондық цифрлық қолтаңба) 250 қызмет рәсімдей аласыз. Оның ішінде жеке куәлікті өзгерту, жүргізуші куәлігін өзгерту немесе мерзімі бітсе жаңасына тапсырыс беру секілді қызметтер. Мекен-жай анықтамасы, мүлкінің бары немесе жоқтығы туралы анықтамаларды алуға болады. Айта кетейін, ЭЦҚ кілтіңіз болып, тіркеуден өткен жағдайда, өзіңіздің телефон нөміріңізді жеке кабинетке тіркеп қойсаңыз, бір реттік құпия сөзімен әрдайым 44 қызмет түрін ала аласыз. Бұл қазіргі таңда қызмет көрсетудің ең қолайлы түрі», - деді Маңғыстау облысы Халыққа қызмет көрсету орталығының маманы Салауат Мұратқали.
Цифрлық Қазақстан адам өмірінің барлық саласын қамтиды. Цифрландыру - халыққа, және мемлекеттік органдарға, кәсіпкерлік субьектілеріне пайдасы зор болмақ.
Жиында Маңғыстау облысында «Тұрғын-үй комуналдық шаруашылығын цифрландыру» жайында да айтылды. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда су, жылу және электр энергиясына ақылды үй құрылғысы орнатылып жатыр. «Аспаптандыру», «Е-Шаңырақ» және «Электронды үй паспорты» секілді үш бағыт бойынша цифрландырылуда.
Аспаптандыру – пайдаланылған ресурсқа төлем жасауға және ресурстың шығынын төмендетуге оң әсерін тигізеді. Е-Шаңырақ - пәтер иелері кооперативінің бірыңғай порталы. Ал электронды үй паспорты – тұрғын үй ғимараттарының бірыңғай есебін жүргізуге көмектеседі.
«Бүгінгі таңда біз Ақтау қаласындағы 15 шағынауданды таңдап алдық. Яғни, 10 көппәтерлі тұрғын үй (682 пәтер) пилоттық режимде Е-Шаңырақ жүйесіне қосылды. Пилоттық үйлерде жылу есептегіш құрылғылары, су және электр энергиясы орнатылған. Сондай-ақ құрылғылардан деректерді онлайн жіберу жоспарлануда. Содан соң кез келген жерлерде жүріп көрсеткіштерді қарай аламыз, бере аламыз. Қазіргі таңда пәтерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», - деді ТҮКШ даму бөлімінің басшысы Тәжібай Қайыров.
Сонымен қатар, цифрландыруда «Infobus.kz» мобильді жүйесі жұмыс жасайды. Онда автобус маршруттарының қай уақытта келетінін алдын-ала хабардар болып отырасыз. Яғни, уақыт үнемдеу жағынан өте тиімді мобильді қосымша.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
Сурет сайттың архивінен алынды