Бұл туралы Ақтау қалалық әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында «Қазтелерадио» АҚ МО филиалының директоры Əбдiрахман Кенжебаев айтты.
- Цифрлық технологияларға көшу бізге ғылыми-техникалық прогресс ұсынып отырған уақыт талабы болып табылады, - деді ол. - Негізінен, республиканың телерадио хабарларын тарату саласында жаңа цифрлық технологияларға көшуі және ақпараттық теңсіздікті төмендету жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыруды ұлттық оператор – «Қазтелерадио» АҚ жүзеге асырады. Бағдарламаның бірінші кезеңі 2011 жылғы қаңтарда ұлттық жерсеріктік телерадио хабарларын таратуды пайдалануға енгізу болды. «OTAU TV» тікелей жерсеріктік хабар тарату қызметіне еліміздің кез келген нүктесінен қосылуға болады. «OTAU TV» жерсеріктік телевизиясы хабар тарататын DVB-S2 стандарты кескін мен дыбыстың жоғары сапасын алуға, сондай-ақ HD-форматтағы жоғары айқындылықпен бірнеше телебағдарламаны көруге мүмкіндік береді. Маңғыстау облысының барлық елді мекенінде «OTAU TV» пайдаланушылары бар. Жаңа цифрлық технологияларға көшу бағдарламасын іске асырудың келесі кезеңі Қазақстанда DVB-Т2 стандартты цифрлық эфирлік хабар таратуды енгізу болып табылады. 2006 жылы Женевада өткен Өңірлік радиобайланыс мәслихатында аналогты телехабар таратудан цифрлық хабар таратуға көшу бойынша халықаралық конвенция қабылданды. Келісімге 100-ден астам ел, оның ішінде Қазақстан да қол қойды. 2012 жылғы шілдеде Астана медиа-орталығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Индустрияландыру күніне арналған телекөпір аясында телехабар таратудың цифрлық эфирлік (жерүстілік) желісін іске қосу салтанаты өтті. Жерүстілік цифрлық сападағы отандық телебағдарламаларды тегін көру мүмкіндігіне алғашқы болып Астана, Алматы, Қарағанды, Жезқазған және Жаңаөзен тұрғындары ие болды. Президент қазақстандықтарды мемлекеттің жаңа тарихындағы өте маңызды оқиғамен құттықтап, цифрлық хабар таратуды енгізуді жеделдетілген индустрияландыру тармақтарының бірі деп атады.
Əбдiрахман Тоқтарбайұлының айтуынша, бүгінде Жаңаөзен қаласының телерадио таратқыш станциясынан эфирлік цифрлық сигналды Теңге, Бостан, Қызылсай, Құланды, Рахат сияқты жақын маңдағы елді мекендер қабылдай алады. Аталған елді мекендердің тұрғындары 15-ке жуық телевизиялық бағдарламаны, оның ішінде жергілікті «Қазақстан-Жаңаөзен» телеарнасын көру мүмкіндігіне ие. Қазіргі таңда цифрлық телевизия облыстың 98%-ына қолжетімді. Өңірде 21 цифрлық радиотелевизиялық станция пайдалануға енгізілген. Бұл ретте Ақтау қаласында 30-ға жуық телевизиялық бағдарлама, облыс орталығынан төмен жерлерде 15-ке жуық телевизиялық бағдарлама қолжетімді. Сонымен қатар, дәстүрлі аналогты телевизия қатар жұмыс істеп тұр. Ауылдық елді мекендерде, облыс халқының 50%-дан астамына аналогты желі арқылы 3-4 телевизиялық бағдарлама қолжетімді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Саммиттің арқасында салынадыАл енді, цифрлық хабар таратудың енгізілуімен қамту аймағы шегіндегі ауылдық елді мекендердің тұрғындары кепілді түрде 15-ке жуық телеарнаны көре алады. Бұл халық үшін ақпаратқа қолжетімділікті анағұрлым кеңейтуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Ə.Кенжебаев Құзыретті орган тарапынан цифрлық эфирлік хабар таратуға кезең-кезеңімен көшу туралы шешім қабылдануына және Маңғыстау облысында цифрлық эфирлік хабар таратуды енгізу жобасын іске асырудың толық аяқталуына байланысты облыс қазан айында аналогты эфирлік телехабар тарату желісін өшіретін және хабар таратудың жаңа стандартына толықтай көшуді жүзеге асыратын бірінші облыс болып жарияланғанын жеткізді. Цифрлық эфирлік телевизияны көру үшін теледидарға қосылатын эфирлік сигнал қабылдағыш (ресивер), сыртқы немесе бөлмелік дециметрлік антенна сатып алу қажет. Басқа қосымша жабдық орнатудың керегі жоқ және тиісті арналарды көру тегін.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА