©
Каспий жағалауы елдері Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Түрікменстан, Иран мемлекеттерінің президенттері Нұрсұлтан Назарбаев, Владимир Путин, Гейдар Алиев, Сапармұрат Ниязов, Сейид Мохаммад Хатами алғаш рет 2002 жылғы 23-24 сәуірде Ашхабадта өткен І Каспий саммитінде бас қосып, алғашқы күннен бастап ортақ теңіздің өздеріне тиісті шекарасын өзара келісімге келе отырып, заңды құжат негізінде белгілеу мәселесін талқылады.
Бірақ келіссөз барысындағы Әзірбайжан президенті Гейдар Әлиев пен Түрікменстан президенті Сапармұрат Ниязов арасындағы көзқарас қарама-қайшылығы Каспий маңы мемлекет басшыларын бірлескен декларацияға қол қоюдан бас тартуға мәжбүр етті. Сондықтан Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтаудың алғашқы халықаралық мәмілесі сәтсіз аяқталды. Бұл жиын – Каспий секілді қойнауы қазынаға толы су айдынын 5 мемлекет арасында ортақ мәмілеге келіп, өзара бөлісудің оңай еместігін дәлелдеп берген халықаралық келіссөздің тұңғыш тарихи бастамасы болып қалды.
Екінші Каспий жағалауы мемлекеттері басшыларының саммиті 2007 жылдың 16 қазанда Тегеранда өтті.
Бұл жолы көп жақты ынтымақтастық пен Каспий теңізінің құқықтық мәртебесіне қатысты перспективаларды талқылау нәтижесінде, тараптар навигация, тасымалдау, қауіпсіздік сияқты түрлі мәселелерді қозғаған 25 баптан тұратын ортақ декларацияға қол қойды. Тараптар Каспий маңы мемлекеттерінің бір-біріне қарсы қарулы күштерді пайдаланбауы және жағалау елдерінің біріне қарсы басқа бір мемлекет тарапынан ұйымдастырылатын әскери операция үшін өз аумақтарын пайдалануға рұқсат бермеуі жөнінде келісімге келді. Тегеран саммиті барысын да Каспий маңы бес мемлекетінің басшылары қол қойған осы алғашқы саяси құжат, экономикалық, энергетикалық және қауіпсіздік мәселелерін қоса алғанда, Каспий келіссөзі күн тәртібінің кеңейтілгенін көрсетеді.
ІІІ Каспий саммиті 2010 жылдың 18 қарашасында Бакуде өтті.
Жиын барысында Каспий бестігі бекіткен декларацияның ережелерін біріктірген кеңейтілген ортақ декларацияға қол қойды. Сонымен қатар саммит барысында тараптар Каспий маңы елдері арасындағы өзара қарым-қатынастарда жаңа кезеңнің басталғанын көрсеткен алғашқы бесжақты ресми келісімге қол қойды.
Каспий теңізінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты ынтымақтастық туралы келісімде лаңкестік, браконьерлік, ұйымдасқан қылмыс және контрабандаға қарсы күрес, сондай-ақ қауіпсіз жүк тасымалын қамтамасыз ету сияқты қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық бағыттары көрсетілген. Қатысушы тараптар жағалаудан 24 немесе 25 миль арақашықтықта орналасқан теңіз шекараларына қатысты ұсыныстар дайындау жөнінде тиісті мекемелерге нұсқаулар беруге келісті. Ұлттық теңіз аймақтары мәселесі кейінге қалдырылды.
2014 жылдың 29 қыркүйегінде Астрахань қаласында Ресей президенті Владимир Путин, Әзірбайжан президенті Ильхам Алиев, Иран президенті Хасан Рухани, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердымухамедовтің қатысуымен өткен IV Каспий саммиті 19 баптан тұратын соңғы коммюнике қабылдады.
Онда жағалау елдерінің ұлттық егемендіктеріне сәйкес арақашықтық жағалаудан 15 теңіз миліне дейін ұзартылып, бұл арақашықтыққа балық аулауға арналған қосымша 10 теңіз милі қосылатындығы көрсетілді. Сондай-ақ саммит соңында теңіздегі биологиялық ресурстарды сақтау және ұтымды пайдалану туралы келісімге, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге және Каспий теңізінің гидрометеорологиясы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Басқосуда Н.Назарбаев «Каспий еркін сауда аймағын» құру туралы ұсыныс айтты.
Саммиттің маңызды мәселесінің бірі – көптен жыр болып келе жатқан Каспийдің құқықтық мәртебесін айқындап, бекіту.
«Каспийді көл деп санау қажет болса, оны қоршап жатқан 5 мемлекет көл табанын сектор бойынша бөлуі жөн. Ал егер теңіз деп есептесе, онда халықаралық заңдарға сүйеніп, жағалаудағы елдерге 21 мың шақырымға жуық территория бөлініп, қалғаны бейтарап аймаққа жатқызылуы тиіс»,– дейді заңгерлер.
Иран мен Түрікменстан өздері ұстанып отырған «Каспий байлығын ортақ пайдаланып, теңіз табанын 20 пайыздан тең бөлісу туралы пікірді ұсынса, Әзірбайжан, Ресей және Қазақстан Каспий табанын орта сызық бойынша бөлуге келісіп БҰҰ-ның теңіз құқығы бойынша 1982 жылғы конвенциясын ұстанып отыр.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Қазақстандықтар тамызда 10 күн демаладыДегенмен 5 мемлекет бөлісе алмай, осы уақытқа дейін «ортақ өгіздің» күйін кешіп келе жатқан Каспийдің экологиялық хал-ахуалы күннен-күнге нашарлап бара жатқаны жалпы жұрттан жасырын емес. 70 млрд. жуық қара алтынның қазынасын табанына басып жатқан ежелгі Хазар теңізі маңындағы халықты қызыл балығыменде қамтып келе жатқан жомарттың өзі еді. Шығыс Қашаған кенорнынан мұнай өндіріле бастағалы итбалық пен қызыл балыққа төтеннен аты жоқ індет келді. Кеселдің мұнай қайраңынан екенін теңіз түбінде пайда болған өлі сулар анықтайтынын айтып мамандар дабыл қағуда. Мүмкін енді беске бөлшектенген теңіз қожалары – 5 мемлекет өз аймағына жанашыр болып, суы бүліне бастаған теңізді сырқатынан сауықтырар?!
Сонымен, санаулы күндерден соң, дәлірек айтсақ, 2018 жылы 12 тамызда ақ маржан қала Ақтауда өтетін Каспий аймағы елдерінің V саммитінде 2017 жылғы 5 желтоқсанда Мәскеуде бес елдің Сыртқы істер министрлері қол қойған конвенция жобасы «Каспий теңізінің конституциясы» ретінде бекіп, тарихи құжатқа қол қойылуы мүмкін.
12 тамыз күні 2008 жылдан бері «Халықаралық Каспий теңізі күні» мерекесі ретінде аталып келеді.
Үміт ЖӘЛЕКЕ