©
Мемлекеттің негізгі байлығы – адам, ал адамның басты байлығы – денсаулық. Осы тұрғыдан келгенде, денсаулық саласының маңызы арта түсетіні белгілі. Елбасымыздың биылғы жолдауында «Үздік денсаулық сақтау ісі және дені сау ұлт» тақырыбымен денсаулық мәселесін түбегейлі шешуді алға қойып отырғаны да халықтың саламатты өмір сүруін қамтамасыз етуді көздейді. Бұл мәселеде Маңғыстау аймағында да іске асырылып жатқан оңды жұмыстар баршылық. Облыс басшылығына Ералы Тоғжанов келгелі денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруға жергілікті бюджеттен қыруар қаражат бөлініп, соның арқасында Ақтау қаласында 150 орындық Ана мен баланы қорғау орталығының құрылысы жүріп жатыр.
Бұған дейін жұмыс істеп келген орталықта 50 шақты қамқорлықсыз қалған ана мен балаға пана болған «Ана үйі» жұмыс істеп жатыр. Соның арқасында еліміз бойынша туу көрсеткіші ең жоғары саналатын аймақ болғанмен соңғы бір жылда сәби шетінеуі кезіккенмен, ана өлім-жітімінің фактілері тіркелмеді.
«Біз кардиология, босандыру және өкпе ауруымен күресу кезінде атқарған істеріміз сияқты жұмыстарды да жүргізуіміз керек» деп Елбасы жолдауында атап көрсеткендей, құрт ауруының алдын алу және жүйелі емдеудің нәтижесінде облыс бойынша тұрғындардың туберкулезбен ауыру саны 12,8 көрсеткішке дейін азайды.
Облыс тұрғындары үшін медицина саласы бойынша тағы бір айтарлықтай жаңалық – үстіміздегі жылдың сәуір айында пайдалануға берілген Жаңаөзен қаласындағы гемодиализ орталығы. Мемлекеттік жекешелік әріптестік жобасы бойынша іске асырылған бұл орталықтың құрал-жабдықтары Германиядан әкелініп, қазіргі таңда бүйрек жеткіліксіздігімен ауыратын жергілікті науқастарға сапалы қызмет көрсетіп отыр.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстаудың тарихи қорымдары (Тұран-Иран зерттеу кеңістігінде)«Халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі арта түсетін болады» деп Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өз жолдауында айтқанындай, тұрғындар саны жылма-жыл өсу үстіндегі маңғыстаулықтар үшін бірқатар емдеу-сауықтыру нысандарының құрылысы жоспарланып, қаражат қарастырылуда.
Тұрғындар саны 100 мыңнан артық жаңа аудан Мұнайлыда ОАА-ның зертханасын пайдалану, Маңғыстау облыстық ауруханасында және Бейнеу орталық аудандық ауруханасында компьютерлік томографтар орнату және сервистік қызмет көрсету, медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарында сарапшылық кластағы ультрадыбыстық зерттеу орнату және сервистік қызмет көрсету, Ақтау қаласының 34-шағынауданында ауысымына 500 келушіге арналған қалалық емхана салу құрылысы жүріп жатыр.
Үміт ЖӘЛЕКЕ