©
«Теміржол кассасында билет болмаса да, ақысын берсең жолсеріктер қалаған жерден орын тауып бере алады. Осыдан-ақ пойыз билеттерінің тапшылығы қолдан жасалғанын аңғаруға болады», - дейді Маңғыстау облысындағы арнайы мониторингтік топ мүшелері.
Осы топтың ұйымдастыруымен 18-20 шілде аралығында Маңғыстау ауылындағы теміржол вокзалында «жасырын тұтынушы» әдісімен мониторинг жүргізілген.
Жасырын тұтынушыға бірінші болып кездескен вокзалдың техникалық қызметкері «Маңғышлақ-Алматы» пойызына 25 мың теңгеге бір билет тауып беруге уәде берген. Шын мәнінде кассада билеттің бағасы 11 мың-ақ теңге тұрады.
Тек вокзал қызметкерлері ғана емес, жолсеріктер де «бал ұстап, бармағын жалап қалуға» тырысқан. Мәселен, «Маңғышлақ-Астана» пойызы № 5 плацкарт вагонының жолсерігі Бейнеу стансасына дейін бір орынға 2 адамды отырғызып ала кететінін айтыпты. Ол үшін 4 мың теңге сұраған.
Мониторинг барысында мұндай пысықай жолсеріктің жалғыз еместігі анықталған. Мәселен, № 8 купе жолсерігі 2 адамды Бейнеуге 1500 теңгеге ала кетуге келіскен. Тіпті 3 адамға билетсіз 1 орын тауып бергенін де айтып қойыпты. Пойызына билет алып үлгермеген жолаушыны ала кеткісі келгендер тек олар ғана емес екен. Осы пойыздың № 7 және 9 купе вагондарының жолсеріктері Бейнеуге дейін орынсыз, тек дәлізде тұрып баруы үшін 2 адамнан 2 мың теңге сұраған.
«Бұл мәселе алғаш рет көтеріліп отырған жоқ. Жылда осы проблема, әсіресе жаз мезгілінде. Бақылаушы органдар қайда қарап отыр деген орынды сұрақ туындайды. Өз тарапымыздан «ҚТЖ» АҚ Маңғыстау облыстық бөлімінің темір жол вокзалындағы «жасырын тұтынушы» әдісімен жүргізілген мониторингтің қорытындысы бойынша уәкілетті органға ұсыным жолдамақпыз» - дейді Арнайы мониторинг тобы төрағасының орынбасары Әсет Манов.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Сурет сайттың архивінен