©
Журналистердің төл мерекесі қарсаңында Қ.Сыдиықов атындағы облыстық әмбебап кітапхана залында өлкемізге белгілі журналист, ҚР Сот жүйесінің құрметті қызметкері, телерадио және еңбек ардагері Әнуар Жәнібектің «Жаралы жолбарыс» күнделік кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Жиынға белгілі журналистер Қожахмет Демеуберген, Жанат Нұрмахан, Әбілқайыр Спан, Сафи Әжімұрат, Болат Үмбетов, сықақшы, сазгер, балалар жазушысы Ерекен Қорабаев, Ақтау есептіктехнология колледжі студенттері, қалалық кітапхана қызметкерлері қатысып, әріптестері кеш иесінің жарық көрген жинағы туралы пікірлерін ортаға салды.
– Өмірде журналист араласпайтын оқиға, журналист байланыспайтын мамандық жоқ. Америкалық сарапшылардың айтуынша, ең стресті мамандық – журналист. Сондықтан журналистің қоғамдағы атқаратын рөлі жоғары, мен өзімнің осы мамандықты таңдағаныма өкінбеймін, – деді тарих ғылымдарының кадидаты, белгілі журналист-жазушы Жанат Нұрмаханова.
Кеште «Сазген» өнер мектебінің жетекшісі Эльмира Сланова халық әні «Шымырды», жеті қайқының бірі Тастемірдің әні «Маңғыстауды» орындап, қошеметке бөленді.
Әнуар Жәнібек – 1994–2011 жылдары Маңғыстау облыстық сотының баспасөз хатшысы, баспасөз қызметінің жетекшісі қызметтерін зейнеткерлікке шыққанша атқарып, ҚР Сот жүйесінің құрметті қызметкері атанған азамат. Аталмыш кітапқа автордың 1963–1996 жылдар арасында жазылған күнделік эсселері, сот хикаялары енгізілген.
1975 жылдан КСРО Журналистер одағының, 1995 жылдан Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Әнуар Жәнібек 1976–1994 жылдар аралығында Маңғыстау облыстық телерадио комитетінде редактор, бас редактор қызметтерін абыроймен атқарумен қатар өзі өмір сүрген қоғамның шынайы бейнесін жеке күнделігінде мұқият ыждағаттылықпен қағазға таңбалаумен айналысыпты.
Күнделік жазу – қалам иесінен құнттылықты талап ететін жұмыс. Бұл орайда әріптестері әділ баға бергендей, Әнекеңнің жазу ісіне аса жауапкершілікпен қарағанын, өз кәсібін қадір тұтқанын байқауға болады. Табиғатында бос сөз бен дақпыртқа әуестігі аз, өзін-өзі мақтап-мадақтаудан бойын әркез аулақ ұстайтын дегдар мінез иесі күнделік жүргізу үстінде де сол мінезінен ауытқымапты.
Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданына қарасты «1 май» ауылында туып өскен Әнекеңнің күнделік жазуына алғаш себепші болған оқиға мектептің озат оқушылары қатарында Мәскеу қаласын аралаудан алған әсері екен.
Әнекеңнің атасы жауырыны жерге тимеген палуан, қасиет иесі Қайырғали атақты батыр, би Сырымның әкесі Даттың Жомарт деген ұлының Қарашаш деген қызынан туған жиені екен. Сондай текті тұқымның ұрпағы Әнекеңде де шыншылдық, сөзге ұсталық қасиеттердің болуы табиғи заңдылық деуге болады.
«...Менің журналистік алғашқы қадамым да шындық пен әділдік жолындағы күрес, сол үшін таяқ жеуден басталған. Алғашқы ауданды шулатқан үлкен сыни мақалам Жымпиты аудандық «Қызыл ту» газетінде 1964 жылы 7 ақпанда 11 класта оқып жүргенде жарияланды. Мақала «Бізді толғандырар жайлар көп» деп аталып, газеттің қос подвалын алып шықты...» деп күнделігінде автордың өзі жазғанындай кейінгі өмірде де өзі ұстанған ақ жолдан айнымаған «Жаралы жолбарыстың» бүкіл өмірі текетірес, әділетсіздікпен арпалыс үстінде өтіп келе жатқан секілді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Алға жүру үшін артыма қараймын, бағдаршам санаймын19.06.1988 ж. «Шындық жолы – тайғақ, тар, түбі – абырой. Өтіріктің жолы – тақтайдай тегіс, түбі – сор. Бұған жетпіс жылдық кеңестік еліміздің тарихы, қырық екі жылғы өз тағдырым куә. Сонда да Шындық пен Әділдік үшін күресті өмірімнің басты мазмұны санаймын» деуі соны аңғартады.
Автордың Фариза мен Мұқағали өлеңдерін жоғары бағалауы да – өзінің олармен ішкі үндестігін айқындайтын мысал. Күнделікте анық көрінетін шығармашылық жалғыздық – жазуды өміріне серік еткен жандардың көбінің еншісі екені жасырын жай емес.
«Күнделік кітабым – менің сөз сандығым, менің ар-ұятым, жан сырларым» деп, кітап иесінің өзі жазғандай, күнделік – жеке бастың жазбалары бола тұра өзі өмір сүрген заманның шынайы бейнесін сомдай білген автордың ұзақ жылдар бойғы адал еңбегі. Жақсы кітап өз оқырмандарын табары сөзсіз.
«Жақсы журналист болу – басты мақсатым» деген арманы артығымен орындалған абзал, азамат ағаға жазар жалғасты болсын! – дегіміз келеді.
Үміт ЖӘЛЕКЕ