Астана күні қарсаңында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Ақтаудағы Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық драма театрдың алдына «Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі», «Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығы» иегері, актер, режиссер Нұрмұхан Жантөриннің құрметіне ескерткіш орнатылды.
Ескерткіштің ашылу салтанатына облыс әкімі Ералы Тоғжанов, актердің немере інісі Ғариполла Байзақов, үзеңгілес досы әрі Халық артисі Гүлжан Әспетова және көптеген зиялы қауым өкілдері мен қазақ даласына танымал театр әртістері қатысты. Салтанатты шараның басында сөз алған облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы:
«Елбасымыз әрқашан қазақ халқының рухын асқақтату үшін ата-бабаларымыз бен әрбір саладағы ұлы тұлғаларымыз нәсихатталуы керегін айтты. Мына алдарыңызда ашылғалы тұрған ескерткішіміз ұрпаққа мирас болып қалып, келешекке өткен замандағы айбынды істерді танытқалы тұр. Астана күні қарсаңында жасалған бұл да бір үлкен сый деп айтсақ артық емес. Нұрмұхан Сейітахметұлын да кешегі өткен ғасырда сіздердей халқы ұлықтап, биікке шығарса, халық ықыласын жалғастыратын да өздеріңіз! Маңғыстау жұртын қатар келген қос мерекесімен құттықтай отырып, бастарыңызға амандық, отбасыларыңызға саулық тілеймін!» - деп ыстық лебізін жаудырды.
Одан әрі Н. Жантөриннің театрда біріге жұмыс жасап, ел үшін қызмет қылған әріптестері ұлы актер өмірінен сыр шертіп, жиналған жұртшылықты марқайтып тастады. Нұрмахан Жантөрин сомдаған фильмдерден кішігірім қойылым қойылып, үміт ақтар жас әртістердің көптеп жетіліп келе жатқанына куә болдық. Ескерткіштің ашылу салтанатынан соң облыс әкімі қатысуымен Астана күніне орай концерттік бағдарлама өтіп, ел мерейін асырып қайтты.
Ескерткіште Нұрмұхан Жантөриннің ой үстінде отырған сәті бейнеленген. Мүсіннің ұзындығы 2 м 7 см, тұғыры гранит тастан жасалған. Жалпы биіктігі 4,5 метр.Ескерткішті дайындауға 3 ай мерзім кеткен. Авторы жергілікті мүсінші Көшер Байғазиев.
Мадияр ТӨЛЕУОВ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="57549,57550,57551,57553,57552"]