Өткен жұма күні Ақтау қаласындағы «Хан шахар» салтанат сарайында қос мейрамға арналған ерекше шара өтті. Маңғыстау облысының әкімдігі мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің ұйымдастарған бұл мерекелер — Мемлекеттік қызметші күні және Мемлекеттік қызмет органдарының 20 жылдығы.
Облыстық басқармалар басшылары, аудан-қала әкімдері, мәслихат, арнайы және құқық қорғау, жергілікті және атқарушы органдар өңірлік департаменттерінің басшылары, мемлекеттік қызмет саласының ардагерлері, облысымыздағы ірі кәсіпорын басшылары, әдебиет, өнер және мәдениет саласының майталмандары, ұлттық этномәдени орталықтарының өкілдері, қоғам белсенділері және мемлекеттік қызметшілер қатысқан салтанатты шарада облыс әкімі Ералы Тоғжанов мемлекеттік қызметшілерге құтты болсын айтты. Сондай-ақ өңір басшысы тәуелсіз еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынып жатқан жасампаздық жобаларды, баянды бағдарламаларды жүзеге асыру жолындағы жұмыстардың ең алғы шебі мен жауапты учаскелерінде еңбек етіп жатқан мемлекеттік қызметшілердің еңбегі орасан екендігін атап өтті.
- Саналы өмірін мемлекеттік қызметке арнап, оның дамуына зор үлес қосқан ардагерлер де, бұл саладағы қызметін жаңадан бастап келе жатқан, ертеңінен зор үміт күттіретін жастар да баршылық, - деді Ералы Лұқпанұлы. - Мемлекет Басшысы бес институционалдық реформасы аясында «100 нақты қадам» атты Ұлт Жоспарын ұсынғаны белгілі. Оның аясында елімізде кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптасты. Ендігі жерде мемлекеттік аппараттың құрамдас бөлігі болып табылатын мемлекеттік қызметшілердің алдында жаңашылдыққа ұмтылыс, бастамашылдық, өзін-өзі жетілдіру, қызмет алушылардың қажеттіліктеріне бет бұру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет, әдеп ережелерін сақтау сияқты қасиеттерге ие болу міндеті тұр. Еліміздің болашағына, оның өркендеуіне зор әсерін тигізетін бұл жаңа модельді одан әрі жетілдіру үлкен күш-жігер, жауапкершілік, жоғары кәсіби шеберлікті қажет етеді.
Сондай-ақ облыс басшысы өңірдегі мемлекеттік қызметшілердің білім деңгейі, еңбек өтілдері мен меритократия қағидасы бойынша лауазымдық жоғарылауы әрдайым басты назарда болуы керектігін қадап айтты. Білікті мамандардың мансаптық жоғарылауына ішкі конкурс арқылы мүмкіндіктер жасалуда және өз еркімен жұмыстан кетуі азайған. Оның бірден-бір себебі — Маңғыстау облысының мемлекеттік қызметшілері пилоттық жүйедегі «Факторлы-балдық жүйе бойынша» жоғары (екі есе) жалақы алуы. Бұл жүйе Елбасының 100 нақты қадам «Ұлт жоспарына» сәйкес енгізіліп отыр. Мекеме басшылары тарапынан білікті кадрларды ынталандыру арқылы білімін жетілдіруге жағдай жасалса және әлеуметтік жағынан қамтамасыз етілсе, мемлекеттік қызметшілер де жұмыстың тиімділігін арттырып, адал қызмет етері сөзсіз.
Мерекелік шара барысында «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық байқауының жеңімпаздары Бауыржан Тұяқов пен Рамир Алекперовтың есімдерін құрметпен атап өткен Е.Тоғжанов аталмыш байқаудың облыстық жеңімпаздары Аманғали Нұрдәулетов пен Ренат Шамухановқа алғыс хат табыстады. Сондай-ақ, еңбектегі адал қызметімен көзге түскен бірқатар мемлекеттік қызметшілерді облыс әкімінің дипломымен марапаттады.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Дені сау ұрпақ — ел болашағы- Мен мемлекеттік қызметте 44 жыл жұмыс істеппін, - деді мемлекеттік қызмет ардагерлері атынан құттықтау сөз сөйлеген Даржок Себағытов. - Соның 20 жылы Кеңес одағында өтсе, қалған уақытым Тәуелсіз Қазақстанымыздың мемлекеттік қызметіне арналыпты. Бірақ, осынша жұмыс істегенімде мемлекеттік қызметшілерге көрсетілген мынадай құрметті көрмеппін. Біз өзімізді ұмытып, басқа салалардың қызметінде жүретінбіз. Енді, міне, бүгінде мемлекеттік қызметшілерге жағдай жасалып жатыр. Сендер мемлекет тарапынан жасалып осы құрмет пен қамқорлықты бағалай біліңдер. Күндердің күнінде ел алдында бет қызармайтындай адал қызмет етіңдер.
Сахнаға мемлекеттік қызметшілердің қос буын өкілдері шығып, жас мемлекеттік қызметшілер ардагер аға-апаларына гүл шоқтарын сыйлып, құрмет көрсетті. Мерекелік шараның соңы жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты. Мемлекеттік қызметшілердің өздері де сахна төріне көтеріліп, кәсіби мерекелерінің сәнін ән-бимен аша түсті.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="56718,56719,56720"]