Бүгін Ақтау қаласы әкімдігінің ғимаратында «АУЭС» КММ және «Caspiy Operating» ЖШС мекемелерінің қызметіне байланысты баспасөз отырысы өтті. Мекеме басшылары жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде айтып, журналистердің сұрағына жауап берді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Caspiy Operating» ЖШС күніне тұрғындардан 70-80 шағым қабылдайды.
Қазір қала бойынша қоқыс тазарту қызметінің тарифі – 211,07 теңге.
Тұрғындар контейнерлердегі қоқыстың уақытылы алынбағаны жайлы шағымын жиі айтатынын байқаймыз. Мұның себебін компания басшысы былай түсіндірді.
- Қоқысқа қатысты шағымдар көбіне галереялы үйлерде кездеседі. Ол үйлердің жанындағы көлік тұрағы біздің машиналар барғанда көбіне бос болмайды. Біздің көліктер кесте бойынша жұмысқа шығады. Оларды навигатор арқылы бақылап отырамыз. Басты мәселе – қоқыс шахтасының уақытылы тазартылмауы. Көліктер таңғы 9:00-де жұмысқа шығып, қоқысты жинап апарады. Шахта түс кезінде тазаланып жатқандықтан, қоқыс тиеген көліктер біраз күтіп қалады. Нәтижесінде қоқыс күні бойы алынбаған болып көрінеді. Шахтаны тазарту жұмыстарымен Пәтер иелері кооперативі айналысады. Біз бұл мәселені оларға ескерткенбіз, - дейді Ғалымжан Ахметұлы.
Компания басшысы шахтаны тазарту жұмыстары кешкі уақыттарда жүргізілсе, ешқандай кедергі болмайтындығын алға тартады.
- Біздің көліктер бір шағынауданның қоқысын 2 сағатта жинап, келесі шағынауданға кірісуі қажет. Қала үлкейіп келеді, қазір 35 шағынауданға жетті. Оған қоса, Өмірзақ, Рауан, Приморск, Преозорный елді мекендері де бар. Қазір қала бойынша 23 қоқыс көлігі жұмыс істейді. Оның 11-і жаңа көліктер, қосымша көліктер сатып алу жоспарда. Жылына шамамен 300-400 контейнер жетіспеушілігі байқалады. Биыл ол қажеттіліктің саны – 143, - дейді ол.
Соңғы жылдары қоқыстарды контейнерлерге бөлек-бөлек салу үрдісі қолға алынды. Яғни, тағам қалдықтарын, қағазды, пластик қалдықтарын т.б. бөлек ыдыстарға салу. Шетелде дәстүрге айналған үрдісті біздің өңірге қолдану мәселесін де сұрадық.
- Қоқыстарды контейнерлерге бөліп салу әдісі шетелде халық арасына сіңген. Олар қоқысты үйден бастап бөліп шығарады. Біз бұл мәселені пилоттық жоба ретінде қарастырып жатырмыз. Бұған дейін арнайы бөлек-бөлек контейнерлер қойып, жасап көргенбіз. Дегенмен нәтиже болмады. Тұрғындар сол күйі барлығын бір қалтамен әкеліп тастайды, - деді Ғалымжан Ахметов.
Сондай-ақ мекеме басшысы: «Біздің мекемеге заңды тұлғалардың 54 млн теңге, жеке тұлғалардың 175 млн теңге, жалпы 229 млн таңге қарызы бар. Бұлар – 2012 жылдан бергі қарыздар», - дегенді де айтты.
Айта кетейік, бұрын МКҚК «Көктем» деп аталған компания 2015 жылы «Caspiy Operating» ЖШС болып өзгерді. Компания қазір қаланы қоқыстан тазарту жұмыстарының 80 пайызын қамтып отыр. Күнделікті шығарылатын қоқыс көлемі – 670 шаршы метр болса, айына 17 200 шаршы метр қоқыс тасымалданады. Құрамында 113 қызметкер жұмыс істейді. 88 адам – нақты жүргізушілер мен механиктер, қалғандары – офис қызметкерлері мен диспечерлер.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
Көрнекі сурет сайттың архивінен