©
Шаһар халқы тынығып, теңіз ауасын жұтып қыдыратын сүйікті орындардың бірі - Ақтау қаласының 14, 15 шағынаудандардағы теңіз жағалауы. Бірақ жағалау абаттандырылып, халық игілігіне тапсырылғаннан бері кішігірім сауда нүктелері мен балаларға арналған түрлі машиналарды, велосипедтерді жалға берушілердің де сүйікті орнына айналған. Кейде олардан аяқ алып жүре алмай жатасың. Бұл кәсіпкерлер сауда жасауға арналмаған аумақта неге жүр? Осы сұрақты жағалауды күтіп, ұстауды өз міндетін алған «Ақтау-сервис» мекемесінің директоры Өтеулі Нұрысжановқа қойған едік. Ол осы жылдың наурыз айында Ақтау қаласы әкімдігімен меморандумға қол қойғанын айтты. «Соңғы 4-5 жылда теңіз жағалауын күтіп, ұстауға бюджеттен қаражат бөлінбеді. Меморандумға сәйкес, біз теңіз жағалауын тазалап, күтіп, ұстаумен айналысамыз. Осы кезге дейін сынған орындықтарды, жаттығу құралдарын жөндеп, сырладық. 1 млн 600 мың теңгеге электр желісін жүргізіп, шамдарды ауыстырдық, салық төйлеміз», - дейді Өтеулі Тілеулесұлы. Есесіне компания өзіне сеніп тапсырылған аумақта балмұздақ сатып, велосипедін жалға бергісі келетіндер сияқты түрлі сауда нүктелерін орналастырып, олардан айына төлемақы алып отырады. Мәселен, саудагерлер мен жалға берушілер айына 80 мың теңгеден төлейді екен. «Ақтау сервис» мекемесі осы жеке кәсіпкерлерден түскен қаражатқа тазалау, жөндеу, сырлау жұмыстарын жүргізетінін айтады. https://www.youtube.com/watch?v=27V3zdAXnHsДегенмен тұрғындардан түскен шағымдар негізінде қазір жұмысшы комиссия құрылған. Ол теңіз жағалауындағы «кішігірім базарды» алып тастау немесе теңіз жағалауындағы сауданы бір ретке келтіру туралы шешім қабылдауы мүмікін.
«Жалға берушілердің үстінен шағым түсіп жатыр. Тұрғындардың бір бөлігі сауда нүктелерін алып тастау керек десе, енді бір тұрғындар қалғанын қалайды. Мұны жұмысшы комиссия шешетін болады», - деді Ақтау қаласы бойынша кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Демеуғали Баков.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Видеоны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
Көрнекі сурет сайттың архивінен