©
Маңғыстау облыстық әдеп кеңесі бұл жолғы отырысында екі шенеунікке қатысты азаматтардың арызын қарап, екеуіне де тәртіптік жаза қолдану туралы әкімдіктерге ұсыным берді. Қаралған мәселелердің алғашқысы «Ақтау қалалық жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Е.Кенғанға қатысты болды. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облыстық департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол Ақтаудағы екінші деңгейлі банктің бірін 8 ай бойы әуре сарсаңға түсірген.
"Кепілде тұрған жер учаскесінің рәсімделуіне жағдай жасамағаны былай тұрсын, банктің мүддесін қорғағысы келген өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы тарапынан жолданған өтініш хаттарының орындалуына және жауап хаттардың дер кезінде жеткізілуіне жауапсыздық танытқан", - деп хабарлады Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облыстық департаментінің баспасөз қызметі mangystaumedia.kz сайтына.
Сондай-ақ екінші деңгейлі банкке жер теліміне құқық беру туралы жергілікті атқарушы органның шешімі де уақытында берілмеген. Ал заң бойынша мұндай шешім 5 күн ішінде жолдануы тиіс.
Отырыс барысында екі тараптың да пікірін ескерген Әдеп жөніндегі кеңес Е.Кенғанға міндетіне салғырттықпен қарағаны үшін «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы Ақтау қаласының әкімі Ғ.Ниязовтың атына ұсыным жолдады.
«Мемлекеттік қызметші заңда көрсетілген шешімдердің заңдылығы мен әділдігін қамтамасыз етуі тиіс болатын және қызметтік тәртіпті бұлжытпай сақтауға, өзінің қызметтік міндеттерін адал, бейтарап және сапалы атқаруға, жұмыс уақытын ұтымды және тиімді пайдалану керек болатын. Алайда көріп отырғанымыздай, кейбір талаптар сақтамаған», - дейді Әдеп жөніндегі кеңес төрайымы Нұргүл Жанназарова.
«Қарақия аудандық экономика және қаржы бөлімі» ММ басшысы А.Әбдіхалықоваға қатысты дәл осындай тәртіптік жаза қолданылуы мүмкін. Тәртіптік отырыста оның денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың мөлшерін анықтау бойынша мемлекеттік қызметті уақытында көрсетпегені белгілі болды.
"Кейбір құжаттар мерзімінен кешіктірілген, кейбір қаржылай көмек алушылар тізімде болмай шыққан. Соның салдарынан көмек тағайындау кезінде заң бұзушылықтарға жол берілген", - делінген Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облыстық департаментінің хабарламасында.
Кеңес мүшелері мемлекеттік қызметкер ҚР мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі талаптарын бұзды деген қорытындыға келіп, Қарақия ауданы әкімінің атына "ескерту" жариялау туралы ұсыным жолдады.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттерді МҚІжСЖҚІ агенттігінің Маңғыстау облыстық департаментінің баспасөз қызметі ұсынды