Жуырда «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Маңғыстау филиалының конференц-залында ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Қазақстан халқына Үндеуін талқылау мақсатында басқосу болып өтті. Шараға филиалдың басшылығы мен ұжымы, «Нұр Отан» партиясы Ақтау қалалық филиалының өкілдері мен Ақтау қалалық мәслихатының депутаттары қатысты.
Президенттің "5 әлеуметтік бастамасы» Үндеуінің «Бірінші бастамасы – 720-25 бағдарламасы» жайындағы ой-пікірлерімен бөлісуге келген қонақтар Маңғыстау филиалы базасы мен танысып, авариялық-құтқару жабдықтарын көрді. Қиын да маңызды қызмет иелері – құтқарушылармен жүздесіп, сауалдарына жауап алды. Осыдан кейін нұротандықтар филиал ғимаратындағы терминал арқылы «КӘАҚҚ» РМК Маңғыстау филиалының қызметі туралы бейне фильмді тамашалады. Құтқарушылар қызметіне қанық болған соң, ресми қонақтар конференц залдағы басқосуға қатысты.
– «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуі тұрғындар арасында талқыланып, өз бағасын алып үлгерді. Маңызды құжат біздің қызметкерлерді де бейжай қалдырған жоқ. Әсіресе, үндеудің бірінші бастамасы – «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру», яғни «7-20-25» бағдарламасы құтқарушыларды қызықтырып отыр, – деді «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» РМК Маңғыстау филиалының директоры Байшылық Сарман.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстаулық мұғалім республикалық байқаудан жүлделі оралдыАлғашқы сөзді Ақтау қалалық мәслихатының депутаты Қуаныш Есетов алып, Елбасының ел игілігі жолында жариялаған «Бес әлеуметтік бастамасын» баяндады.
- Меніңше, 5 бастаманың ең маңыздысы – тұрғын үй «7-20-25» бағдарламасы. Жоба бойынша қазақстандықтарға енді тұрғын үй төлемақысының 20 пайызын төлеп, қалғанын 25 жыл да 7 пайызбен бөліп төлеуге мүмкіндік туып отыр. Қазіргі банктердің пайыздары өте жоғары, шарттары қиын. Сондықтан бұл бағдарлама тұрғын үй саласына үлкен серпін береді деп ойлаймын. Биыл күзде банктер несие беру жолдары мен шарттарын анықтап беруі тиіс,– деді Қуаныш Есетов.
Бұдан соң «Нұр Отан» партиясы Ақтау қалалық филиалының қызметкері Құндыз Дәулетбаева сөз алып, «7-20-25» бағдарламасы бойынша 7 пайызды 5 пайызға түсіруді сұрап, партияның орталық штабына хат жолдағанын айтты. Сондай-ақ бұрынғы ипотекалық несиелердің пайызын түсіруге қатысты да ұсыныстар мен өтініштерді жинастыруда екенін жеткізді.
Шара барысында құтқарушылар «7-20-25» бағдарламасының нақты жүзеге асырылатын уақыты, тұрғын үй алудың тиімді жолдары, сондай-ақ «Қазақтанның тұрғын үй-құрылыс банкінің» болашағы жайында өз сауалдарын жолдады. Басқосу соңында халық қалаулылары Маңғыстау филиалының ұжымына әрдайым жауынгерлік даярлықта болуды, бірақ апаттық жағдайлардың болмауын тіледі. Алдағы уақытта банк өкілдерімен кездесу ұйымдастыруға уәде берді.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ