Жуырда Елордамыздың 20 жылдық мерейтойына орай Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Астана қалалық білім беруді жаңғырту орталығы, Мемлекет тарихы институтының ұйымдастыруымен «Ұлағатты ұстаз, дарынды шәкірт» республикалық байқауы өтті. Бұл білім додасына еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларынан 200-ден астам мұғалім қатысқан болатын.
Балаларды білім тұңғиығына бойлатып, зейін-зердесін ашқан ұстаздар байқау аясында «Астана қаласына – 20 жыл» мен «Тәуелсіздікке – 27 жыл» тақырыптарында эссе жазып, жеке жетістіктерін, еңбектерін ұсынды. Байқау нәтижесінде 70 мұғалім үздік шығып, жүлделі орындармен және арнайы төсбелгілермен марапатталды. Марапаттау кеші Астана қаласындағы Министрліктер үйінде өтті. Еселі еңбегімен, зор талабымен жеңіске жеткен ұстаздардың қатарында біздің жерлесіміз Маңғыстау облысы білім басқармасының «Білім-инновация лицей интернатының» мұғалімі Нұрболат Жалжанов та бар. Өлкеміздің атынан қатысқан маңғыстаулық ұстаз жүлделі ІІ орынға ие болып, диплом және төсбелгімен марапатталды. Бұл жарыс жеңімпаздарының еңбектері «Ұлағатты ұстаз, дарынды шәкірт» республикалық энциклопедияда жарияланды.
– «Жеңімпаздарды ел жүрегі – Астана қаласына арнайы шақырып, марапаттаудың өзі ұстаздарға көрсетілген құрмет деп білемін. Оқушыларды білім нәрімен сусындату қызметіне құлшыныспен кіріскелі бері бірнеше мәрте қалалық, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы болдым. Әр сайыста алған жүлдем менің шеберлігімді шыңдай түседі. Ұстаздар еңбегінің жемісін көрсе, оларға одан асқан абырой бар ма? Бұл менің ғана емес, мен еңбек ететін білім ошағының да жеңісі деп білемін, – деді ұстаз Нұрболат Жалжанов.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ