©
18 мамыр – Халықаралық музей күні Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткен облыстық мәдениет басқармасының алқа кеңесінің мәжілісі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мәдениет саласында жүзеге асуына арналды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Пәния Сармурзина, алқа кеңесінің мүшелері, аудан әкімдерінің орынбасарлары, мәдениет ошақтарының басшылары қатысты.
- Руханияттың туын көкке көтеріп, тарихымызды, шежіремізді, ұлттық құндылықтарымызды сақтау, насихаттау жолында еселі еңбек етіп жүрген музей саласының қызметкерлерін мерекемен құттық таймын! Қазір руханияттың көзге көрінбейтін майданы басталды. Жастарымыз кітап оқып, музей аралағаннан, тарихымызды танып білуден гөрі әлеуметтік желілерге көп уақытын бөледі. Өскелең ұрпақтың санасына өткен тарихымызды, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрыптарымызды, ұлттық болмыс бітімімізді сіңіруге тырысайық. Балаларымызды кітап оқуға қызықтыруға, бойына тәрбие мен білімді егіз сіңіруге жұмыстанайық, – деді аймақ басшысының орынбасары Мақсат Нұрлыбекұлы.
Жиында Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Тамара Жұмалиева, Қ.Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық кітапханасының әдістеме бөлімінің меңгерушісі Нұргүл Еңсегенова, облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Злиха Сапарова, «Маңғыстау мемлекеттік тарихимәдени қорығы» мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Марат Өтесінов салаларындағы атқарылған жұмыстардың есебін берді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Түпқараған ауданы әкімі ардагерлермен кездестіАлқа кеңесінде мәдениет саласында ауыз толтырып айтарлықтай шаралардың өткендігі, әйтсе де олардың бірсарындылығына, жаңаша идеяның жоқтығына, елең ететін тақырыптағы кештердің аз өтетіндігіне, жаңа бағдарламалардың аздығына қатысты сын-пікірлер айтылды.
Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Пәния Сармурзина атқарылған істердің арнасы кең екенін, алдағы міндеттер де зор екенін жеткізді. Ол өз сөзінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда өңірдің әлеуетін жеткілікті деңгейде қолдана алмай отырғанымызды, кез келген шараның мазмұнына қарамастан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілетінін айтып, басқа да мемлекеттік бағдарламаларды ұмыт қалдырмауды қаперге салды. Жиынға қатысушыларды аудан, ауылдарда тоқтап қалған жұмыстарды бірлесе атқаруға, тапсырмаларды дер кезінде орындауға, шараларды заман ағымына сай лайықтап өткізуге, облыстағы музейлердің цифрлық форматқа көшуін жеделдетуге белсене атсалысуға шақырды.
Жиын барысында мәдениет саласындағы мәселелер талқыланып, ой-пікірлер айтылды.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Көрнекі сурет сайт архивінен