Кеше облыс әкімдігінде аймақ басшысы Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық, әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру, экология департаментінің қызметі, орман және дала өрттерін жою және алдын алуға әзірлік мәселелері қаралды. Жиынға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, аймақ басшысының орынбасарлары, облыстық басқарма мен мекемелердің, кәсіпорындардың басшылары қатысып, аудан әкімдері онлайн қосылды.
Жиында алдымен облыс әкімі Ералы Тоғжанов Маңғыстау облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы болып тағайындалған Эльдар Машырықовты таныстырды.
Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлыбек Қойжановтың айтуынша, биыл өңірде 5626 түлек мектеп бітіреді. Оның 5070-і күндізгі, 556-сы кешкі мектептің оқушылары. Мектеп бітіретін түлектердің 4167-сі Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш білдірген.
– ҰБТның алғашқы кезеңі қорытынды аттестаттау облыста 29 мамыр мен 9 маусым аралығында өтеді. Шекті балл – 50. Ұлттық университеттер мен медицина мамандықтары үшін 65 балл, білім, ауыл шаруашылығы саласы мамандығына түсу үшін 60 балл жинау керек. Алтын белгіге үміткер 174 оқушымыз бар. Емтихандарға арналған сыныптар барлық қажетті жағдаймен қамтамасыз етілді. Өткен жылы өлкедегі орташа балл 78 болды, – деді Нұрлыбек Көбейсінұлы.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Каспийде бекіре аулаған браконьерлер 2 жылға сотталдыАймақ басшысы Ералы Лұқпанұлы өткен жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуде төмен нәтиже көрсеткен қала, аудандардың биылғы сынаққа дайындық деңгейін сұрады. Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Дауылбаев өткен жылы ҰБТ бойынша көрсеткен 76,4 балдың биыл 80-ге жететінін жеткізді. Қарақия ауданы әкімінің міндетін атқарушы Қыдырберді Беков биыл мектеп бітіретін 333 оқушының 77%-ы ҰБТ-ға қатысатынын, көрсеткішті арттыру бағытында жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады. Маңғыстау ауданының әкімі Жармағанбет Айтуаров 11 сынып оқитын 404 оқушының 386-сы сынаққа қатысатынын, орташа балды 80-ге арттыратынын айтты. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов білім саласының басшылары мен қала, аудан әкімдеріне тестілеуді ұйымдастыру, өткізу және жоғары нәтиже көрсетуге байланысты тапсырмалар берді.
Жиында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің орман және дала өрттерін жоюға және алдын алуға дайындығы пысықталды.
– 2018 жылдың сәуір айына дейін облыс аумағында 77 өрт тіркелді. Материалдық шығын 17 млн. 300 мың теңгені құрады. Осы жылдың 4 айы ішінде өрттен қаза тапқандар тіркелген жоқ, 2 адам жарақат алды. Сексеуіл тектес орман қоры Бейнеу ауданында ғана бар. Орман ауданының жалпы аумағы – 241 мың га. Орман аумағында 290 шақырым минералды жолаққа күтім жасалып, ормандағы өрт қауіпсіздігі туралы аншлагтар орнатылды, – деді Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Манарбек Мұханбетов.
Баяндамашы Түпқараған ауданы, Таушық және Ақшұқыр, Қарақия ауданы, Сенек ауылдарының өрт сөндіру бекеттеріне қаражат қажет екенін, Сайөтес ауылында бөлінген, бейімделген бөлме өрт сөндіру техникасын және жеке құрамды ұстауға қолайлы еместігін айтып, жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыштық мониторингімен қамтамасыз ету мәселесін көтерді.
Аталған мәселелерді шешуді тапсырған облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы суға түсу маусымында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, шомылуға болмайтын аумақтарда белгілер орнатуды жүктеді.
Жиында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қуаныш Берішбаев «Сандық Қазақстан» бағдарламасының әлеуметтік-еңбек саласында жүзеге асырылуынан хабардар етті.
–«Сандық Қазақстан» бағдарламасы аясында электронды еңбек биржасы, электронды еңбек келісімшарты, әлеуметтік еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесін дамыту жобалары бар. Осы жылдың қаңтар айынан бастап жұмыс іздеуші мен жұмыс берушілер үшін тиімді электронды еңбек биржасы жобасы іске қосылды. Жыл басынан бері еңбек биржасына 4 мыңға жуық адам тіркеліп, 2 972 адамның түйіндемесі дерекқорда сақталды. Барлық аудандық, қалалық жұмыспен қамту орталықтары электронды биржаға қосылған.
«Еңбек нарығы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі бойынша жұмыспен қамту орталықтарына жыл басынан бері 11 978 адам жүгініп, оның ішінде 7 480 тұрғын әлеуметтік қорғау шараларымен қамтылды. Оның ішінде 3689-ы тұрақты, 701-і әлеуметтік жұмыстарға, 674-і жастар практикасына, 2416-сы қоғамдық жұмысқа тартылды, – деді Қуаныш Серікұлы. Оның айтуынша, қазіргі таңда облыста 7629 адам жұмыссыздар есебінде тұрса, 580 бос жұмыс орны бар. «Нұр капитал» жобасы аясында 1000 – 1500 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Аймақ басшысы Ералы Тоғжанов жаңа жұмыс орындарын құру, мүмкіндіктерді қарастыру бойынша тапсырмалар берді.
Аппарат мәжілісінде Еңбек, әлеуметтік қорғау және көшіқон комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы Арман Елдесов әлеуметтік қамтамасыз ету үрдісінде жүргізілетін жаңашылдықтарды баяндады. Зейнетақы мен жәрдемақы тағайындауда құжаттарды жинау рәсімі 70%-ға дейін қысқарып, «бір терезе» қағидасы бойынша және бұл үрдіс электронды түрде жүзеге асатынын хабарлады. Жиында еңбек келісімшартын электронды жүйеге көшіру жұмыстары жасалып жатқандығы белгілі болды.
Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің қызметі туралы осы департаменттің басшысының міндетін атқарушы Руслан Төкенов айтып өтті. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов халықтың тарапынан арыз-шағымдардың көптігін айтып, экологиялық мәселелерге қатысты салғырттық танытып отырған департаменттің жұмысын сынға алып, ескерту берді.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ