©
Жаңаөзен қаласынан жаңадан тұрғызылатын «Арай» шағынауданынан жоспарланған «Бейбітшілік» кешені туралы толық ақпарат қалалық әкімдікте қала активі және жергілікті мекемелердің басшылары қатысуымен өткен жиында айтылды. Жиналыс 16 мамыр күні қалалық әкімдіктің кіші мәжіліс залында болып өтті.
2018-2022 жылдарға арналған Жаңаөзен қаласындағы апатты және тозығы жеткен үйлерді жою туралы бағдарлама жылдың басында жүзеге асырылып, облыс әкімі Ералы Тоғжановтың бақылауына алынған болатын. Өткен аптада мереке күні қаламызға жұмыс сапарымен табан тіреген өңір басшысы аталмыш кешеннің құрылысына старт беріп, салу жұмыстары жіті қадағалауда болатынын жеткізді.
«Бейбітшілік» кешені - жалпы мұнайлы қаланың архитектурасындағы жарқын шешім. Үйлерді ақ, қоңыр қызғылт түстердегі қарапайым дизайн ерекшелейді. Кешенде жалпы көлемі 75190 м² жерді қамтитын 1376 пәтерлі 6 қабатты 23 үй тұрғызылмақ. 2018-2019 жылдарға 4 үй, яғни 216 пәтер құрылысы аяқталып, қолданысқа беріледі деп жоспарланса, ал толықтай біту мерзімі 2022 жылдың желтоқсан айы деп белгіленген.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Қазақстанда ең көп орташа жалақы — Маңғыстауда1, 2, 3 бөлмелі пәтерлердің аумақтары 40-45 м²; 66,1 м²; 73 м²; 92,4 м² аралығында. Кешен жайлылық санатында, сыртқы келбетін бұзбас үшін әр пәтерге салқындатқыш орнатылып, жартылай таза күйінде беріледі. Үйдің кіреберісі де заманауи үлгіде жасалады. Құрылысқа сапалы материалдар қолданылып, әрі жанынан балалар ойын, спорт алаңшалары, серуендеуге қолайлы орындар мен көлік тұрақтарын салу ойластырылған. Тапсырыс беруші «ЭйДжейCompany» ЖШС, мердігерлер «Көкбөрі-82» ЖШС, «Мангыстау-Строй» ЖШС.
Жергілікті билік және инвестордың ортақ келісімге келуімен кешеннің 24%-ы қаламыздағы апатты деп танылған үйлердің тұрғындарына беріледі деп нақты шешілген. Бұл жөнінде жауапкершілігі шектеулі серіктестік директоры А.Сердалин айтып өтті.
- Жалпы, кешен құрылысы үш жарым жыл уақытта толық аяқталады деп жоспарланды. Құрылысқа зауыттан жаңадан өндіріліп шығарылған сапалы құрылыс материалдары, әрі табиғи тас қолданылады. Халықтың жайлы өмір сүруі үшін тұруға қолайлы жағдай жасалады, тұрғын-үйлердің төменгі бөліктері коммерциялық бағыттағы нысандарға беріледі. Біз жеке сайтымызды ашып, әрбір үш күн сайын құрылыс жұмыстары жөнінде ақпараттар, бейнелер салып отырамыз. Заманауи, кең, барлық аумағы жарықтандырылған кешеннің инфрақұрылым тарту шараларына қала әкімдігі көмек береді. 300-дей жаңаөзендікті құрылыс жұмыстарына қатыстыру ойда бар. Көп ұзамай Жаңаөзен қаласынан екі сату бөлімін ашамыз, - деді компания директоры.
Жиын соңында қала әкімі Ә.Дауылбаев пен «ЭйДжейCompany» ЖШС директоры А.Сердалин «Бейбітшілік» кешенін жүзеге асыру мақсатында меморандумға қол қойып, қол алысты. Қала әкімі құрылыс жұмыстары үнемі жергілікті биліктің қадағалауында болатынын жеткізді.
Жазира АҚБЕРГЕНОВА
Көрнекі сурет сайттың архивінен
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="54021,54019,54018"]