17 мамырда «Өзенмұнайгаз» АҚ қарасты Мұнай дайындау және өндіріске қызмет көрсету басқармасында «Мұнай құбырының жарылуынан өрт шығуы» тақырыбында авариялық-құтқару жаттығуы өтті.
Құтқару жұмысына қалалық азаматтық қорғау және төтенше жағдай қызметтерінің қызметшілері, қоғамдық тәртіп күзетшілері, жалпы 119 адам және 18 техника жұмылдырылды. Сондай-ақ, «Семсер» ЖШС, «Медикер» медициналық мекемесі мен қалалық жедел жәрдем бөлімінен 31 қызметкер, 5 техника қатыстырылды.
Сағат 16:10 шамасында басқарманың өндірістен жеткізілген мұнайды тауарлық әлемдік стандартқа сай әзірлеп, «ҚазТрансОйл» компаниясына экспортқа шығаруға тапсыратын Мұнай дайындау және жөнелту цехында 3-ші аппарат жарылып, нәтижесінде өрт шықты. Өрт болған алаңға жедел жеткен құтқарушылар 43 қызметкерді оқшауландырып, жарақат алған 2 операторға «Медикер» және қалалық жедел жәрдем қызметкерлері алғашқы көмек көрсетті, ауруханаға жеткізді. №13, 12 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің көліктері мен мамандары, «Өзенмұнайгаз» АҚ арнайы техникалары арқасында көбіктеу, сумен салқындату, сумен айдау шаралары арқасында 16.34-те өрт сөндірілгені хабарланды.
Сәкен АЛШЫНБАЕВ, мұнай дайындау және өндіріске қызмет көрсету басқармасының директоры:
- Бүгінгі жаттығуда мұнай дайындау және өндіріске қызмет көрсету станциясы қалыпты деңгейде жұмыс жасап, қосалқы құбырларға ауысты. Өрт шыққан кезде ауысымдағы қызметкерлер аумақтан оқшауландырылды. Авариялық-құтқару жаттығуы нормативке сай берілген уақытта орындалып шықты. Жалпы, «ӨМГ» АҚ-ның өз өрт сөндіру құрылымы бар. 2016 жылы осы цех үшін өрт сөндіру станциясы салынған болатын. Цехта 125 адам қызмет етеді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: ТЖД облыстық құлақтандыру жүйесін тексеруден өткізедіНұрдәулет САТТЫҚОВ, Жаңаөзен қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы:
- Мұнай дайындау және жөнелту цехының көлденең тұндырғыш №3-ші аппаратында апаттық өрт шығу оқиғасы туралы хабарлама келіп түскеннен кейін, қала және өндірістік мекемелердің азаматтық қорғау қызметтерінің жауынгерлік дайындығы сыналды. Тексеріс барысында қала және өндірістік мекемелердің жауынгерлік қызметтері қанағаттанарлық деп бағаланды. Анықталған кемшіліктер «ӨМГ» АҚ-ға және жергілікті атқарушы органдарға ұсынылып, акт береміз.
Жазира БАҚСЫЙЫҚҚЫЗЫ