Көктем келіп, күн ыси бастаған кезде оттан жаңа түскен тамақты суыған бойда тоңазытқышқа салмаса, бірден бұзылып, екінші рет ысытып ішудің қауіпті болары анық. Ерте дайындалған астың қай-қайсысы да, тіпті салқын ет тағамдары да аз уақыт ішінде жеуге жарамсыз болып жатады. Алайда соған қарамастан, күнделікті той-садақаларда алдын ала дайындалып қойылған салаттар мен түрлі тағамдар дастархан үстінде күн ұзағына тұратынын білеміз. Ортайған ыдыстар ішіндегісі тазаланбастан қайта толтырылып тұратыны тағы бар. Өкінішке орай, сондай басқосулардан кейін қонақтардың кейбірі астан уланып, аураханаға түсіп жататыны жасырын емес. Астан улану жағдайлары қоғамдық тамақтану орындарында, арнайы тойханалардағы тойлардан кейін, көпшілік жиналатын орындарда да кездесіп жататыны шындық. Биылғы көктемде Оңтүстік Қазақстан облысында балмұздақтан уланудың да осындай салдыр-салақтықтың кесірі екендігі айтпаса да түсінікті. Бұлар - денсаулық сақшыларын қатты алаңдатқан мәселелердің бірі.
Жақында Ақтау қаласының әкімдігінде «Эпидемиологиялық маусымда тағам нысандары, білім беру, емдеу-сауықтыру мекемелерінде тамақтан уланулар мен жіті ішек инфекцияларын, басқада паразитарлық және инфекциялық аурулардың алдын алу шараларын ұйымдастыру, өнімдердің қауіпсіздігін мониторингілеу» тақырыбында дөңгелек үстел өттті. Ондағы мақсат — қалада көктем-жаз мезгілінде тағам нысандары, білім беру, емдеу-сауықтыру мекемелерін дайындау және тамақтан улану, топтасқан жіті ішек ауруларының алдын-алу, санитарлық қағидалар, техникалық регламенттер талаптарының орындалуын бақылауды күшейту және қоғамдық денсаулық сақтау мәселелері бойынша аталған мекемелердің өзара іс-қимылын біріктіру. Дөңгелек үстелге ішкі істер басқармасы, құқық қорғау органдары, ұлттық кәсіпкерлік палатасының филиалының, кәсіпкерлік бөлімінің, ішкі саясат, энергетика және тұрғын үй коммуналдықшаруашылық бөлімінің өкілдері қатысты.
Басқосуды ашып, жүргізіп отырған Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова көтеріліп отырған мәселенің аса маңыздылығын және санитарлық талаптардың орындалуы үшін кәсіпкерлерге талап қою керектігін атап айтты.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстаудағы ең көп ауылы бар ауданҚоғамдық денсаулық сақтау департаменті тағам нысандарын санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы Б.Сатқанбаева белгіленбеген орындарда балмұздақ, кәуап, самса, донер, салат, көкөніс пен жидек, квас сияқты сусындарды сатуға байланысты заңсыз саудаға қатысты проблемалық мәселелерді қозғады. Оның айтуынша, жаңа заңдылықтарға сәйкес тиісті орындар қоғамдық тамақтанумен айналысатын кәсіпкерлердің үстінен шағым түспейінше немесе сол жерден тамақтанған адамдар ауырып қалмайынша санитарлық тексеру жүргізе алмайды. Сондықтан тамақтану нысандарында тағам қандай жағдайда дайындалады, аспаздар мен қызметкерлердің санитарлық кітапшасы бар ма, олардың денсаулықтары қандай екені беймәлім болып қалып жатыр.
Дөңгелек үстелге қатысушылар ұжымдасқан тағам нысандары, білім беру, емдеу-сауықтыру мекемелерінде жұқпалы аурулардың, оның ішінде ішек аурулары және тамақтан уланудың таралуы және алдын алу секілді мәселелерді жан-жақты талқылап, өз салаларына байланысты ойларын ортаға салып, проблеманы шешу жолдарын қарастырды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА