©
Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы Зейнеп Тастемірова өз еркімен жұмыстан шығу туралы өтініші негізінде жұмыстан босатылды. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Зейнеп Жұмағалиқызы Тастемірова басқарма басшысы болып 2015 жылдың 23 шілдесінде тағайындалған болатын.
Ол 1968 жылы Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында туылған. 1990 жылы Алматы педагогикалық институтын неміс және ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген.
2007-2010 жылдары Мұнайлы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы, 2010-2011 жылдары - Мұнайлы аудандық білім бөлімінің басшысы, 2011-2015 жылдары – Маңғыстау облысының білім басқармасы басшысының оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған.
Зейнеп Тастемірова ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталған. Сондай-ақ ол - "ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері" төсбелгісінің, "ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы", "Маңғыстау облысының 35 жылдығы" мерекелік медальдарының иегері.
Ал Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысының міндетін 26 сәуірден бастап Нұрлыбек Көбейсінұлы Қойжанов уақытша атқаруда. Нұрлыбек Қойжанов бұған дейін басқарма басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Сурет 7292info.kz архивінен