Ақтау қаласындағы «Хан шахар» салтанат сарайында «Қоғамдық сананы жаңғырту аясында ғылыми жаратылыстану білімінің сапасын арттыру: үздік тәжірибелер мен инновациялар» тақырыбында физика, химия, биология және информатика пәні мұғалімдерінің республикалық форумы өтті. Мемлекет басшысының 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция аясында дамудың жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан халқына Жолдауын, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 79 қадамы», «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Маңғыстау облысының әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырған осынау шара екі күнге созылды. Оған ғалымдар, білім басқармаларының басшылары мен қызметкерлері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, ғылыми-жаратылыстану пәндері циклінің әдіскерлері, барлығы 400-ден астам мұғалім қатысты.
Форумды Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Сакеев кіріспе сөзбен ашып, форум жұмысына сәттілік тіледі.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі жəне орта білім департаментінің басшысы Шолпан Каринова бұл кездесудің мақсаты–еліміздің мектеп оқушыларын жаратылыстану ғылым негіздеріне оқыту жағдайы туралы ашық әңгіме және маңызды диалог алаңын өткізуі екендігін атап өтті.
- Қазіргі уақыттағы жаратылыстану–бұл жалпы орта білім беру компоненттерінің бірі ғана емес, республиканың экономикалық даму факторы, сонымен бірге өркениеттің және адам потенциалының даму деңгейі, - деді Шолпан Таңатқызы. - Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Төртінші өнеркәсіптік революцияға арналған биылғы Жолдауында адам капиталы елімізді дамытудың ең маңызды бағыты екендігін атап көрсетті. Осыған байланысты Жолдауда бірнеше міндеттер қойылған, олар: балаларды ерте дамыту үшін бірыңғай жаңа бағдарлама жасау; орта білімде жаңа мазмұнға көшуді жалғастыру; жоғары сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқыту; аттесттаудың жаңа жүйесіне көшу, мұғалімдердің еңбекақысын көбейту; цифрландыру, жоғары сапалы интернет; латын алфавитіне көшу; жан басына қаржыландыруды енгізу. Бұл бағыттар бойынша біраз жұмыстар атқарылды. Бірқатар көрсеткіштерге қол жеткіздік. Шешілмеген мәселер бойынша тиісті шаралар қабылдап жатырмыз. Жаңартылған білім мазмұнына кезең-кезеңімен көшуді жалғастырып отырмыз. Биыл 1, 2, 5, 7-сыныптар көшсе, алдағы 2018-2019 оқу жылынан бастап жаңартылған білім беру мазмұнына 3, 6, 8-сыныптар көшеді. Жаңартылған мазмұнға көшкен мұғалімдердің жалақысына 30% қосымша ақы төлеуді қарастырдық. Осы жылы 200 мыңнан астам немесе 68% мұғалім алатын болады. Қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін білу біздің халқымызға әлемдік нарыққа және әлемдік деңгейдегі білімге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыстар кең ауқымда қоғамды тарту арқылы, халықпен бірге жүргізіліп келеді. Ағылшын тілінде оқыту моделін әзірлеу барысында әлемнің дамыған елдерінің тәжірибесі және отандық тәжірибе негізге алынды. Көптілді білім беретін Назарбаев Зияткерлік мектебінің, «Мирас» мектебінің, «Хэйлибери» мектебінің, «Білім-Инновация» лицейлерінің түлектері үш тілді өте жақсы меңгерген. Назарбаев Зияткерлік мектептерінде «Физика», «Химия», «Биология», «Информатика» пәндерін оқыту жоғарғы сыныптарда (11-12-сынып) ағылшын тілінде жүргізіледі. Пәндерді екінші/үшінші тілде оқытатын тілдік емес пәндердің мұғалімдері, екінші/үшінші тілді және тілдік емес пәндердің мазмұнын оқуда тілдерді меңгеруді жетілдіру арқылы пәндік-тілдік кіріктіріп оқыту (CLIL) тәсілін қолданады. 11-12-сыныптарда пәндерді ағылшын тілінде оқуға оқушыларды дайындау мақсатында 8-10-сыныптардан-ақ, екі мұғалімнің ынтымақтасып командалық оқыту тәсілі тәжірибеде қолданылады, біреуі сабақты оқушылардың бірінші тілінде, ал екіншісі–оқушылардың үшінші тілінде жүргізеді. 33 эксперименттік мектептер 2007 жылдан бастап көптілді білім беруді енгізіп отыр, ағылшын тілінде оқыту үшін жаратылыстану ғылымы пәндерін таңдап алған. Бұл жыл үш тілде оқытуға көшудің бірінші кезеңі болып отыр. Екінші кезең, ағылшын тілін 1-сыныптан бастап үйреніп жүрген балалар 5-сыныпқа келгенде, 2017-2018 оқу жылы басталды. 5-сыныпта үш тілді оқу қатар жалғасуда.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Судьялар сұрағыңызға жауап бередіБілім беру жүйесінің құрылымы жаңғыртылуда, мазмұны жаңартылып, жаңа бағыттарға жол ашылуда, әлемдегі ең озық технологиялар енгізілуде. Бұл жаңалықтардың барлығы қазақстандық білім берудің сапалық деңгейін арттыруға, оны әлемдік деңгейдегі стандарттарға жақындатуға бағытталған. Бастысы, біз өз мақсаттарымызды білеміз, және оған қол жеткізу жолдары айқын. Бұл үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар.
Форум аясында ғылыми-жаратылыстану білім берудің жай-күйі және жетілдірудің қазіргі заманғы тәсілдерді; физика, химия, биология, информатика оқу пәндері бойынша білім мазмұнын, оқыту әдістері мен технологияларын жаңарту; жаңа стратегиялар мен технологияларды қолдану арқылы жалпы білім беретін мектепте ғылыми-жаратылыстану бағыты пәндерін оқыту барысында білім беру процесін қолдау; жоғары сыныптарда «Физика», «Химия», «Биология» және «Информатика» пәндерін ағылшын тілінде оқыту (оқыту тіліне қарамастан); білім берудің жаңа стандарттары мен еңбек нарығының талаптарын ескере отырып педагог кадрларды даярлау және кәсіби біліктілігін арттыру мәселелері талқыланады.
Форумның секциялық мәжілістері Назарбаев Зияткерлік мектебінің, «Білім-Инновация» лицейінің, дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттың, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің базаларында өткізілді.
Форум қорытындысы бойынша тиісті қарар қабылданды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА