©
Каспий теңізі – ақмаржан қаламыздың көркі әрі дүниенің түкпір-түкпірінен ағылған туристердің қызықтар әсем жері. Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов осыны ескеріп, теңіз жағалауының ажарын арттыруды көздеп, жаңа алаңның құрылыс жұмыстарына бастау берген-ді. 15 шағынаудандағы теңіз жағалауының алдында алаң салып, абаттандырып, көркейтіп, ақ тас төсеп, халық демалатын орынға айналдыруды көздеген «Альянс-ЛТД» ЖШС компаниясы сәуір айынан бастап іске білек сыбана кіріскен. Қызу еңбек құшағына енген жұмысшылардың жұмыс барысын бақылап, танысу үшін құрылыс орнына аймақ басшысы Ералы Тоғжанов, Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов, Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының басшысы Пәния Сармурзина және тағы басқалар арнайы келді.
«Теңіз жағалауында көздің жауын алар жоба жасауды көздеп отырмыз. Жоба құны – 1 млрд. 150 мың теңге. Ақтаулықтардың Каспий теңізінің сұлулығын тамашалап, саф ауасымен тыныстап, демалуы үшін алаң ішінде велосипед тебуге арналған жол, концерттік сахна, балаларға арналған ойын алаңы, жарық шамдар, жартастарды түрлі-түске бояйтын жарықтандыру, су бұрқақтары және т.б. салынбақ. Құрылысты 4 айда аяқтауды жоспарладық. Бұл игі іске 80 адам, 53 техника жұмылдырылады», – дейді «Альянс-ЛТД» ЖШС директоры Асқар Керелбаев.
[embed]https://youtu.be/ZC8XTmY8TDg[/embed]Облыс әкімі бастаған топ құрылыс жұмыстарымен, жобаның жоспарымен етене танысып, салынар әжетханалар, баспалдақтар, жолдар жайында нұсқаулар берді. Онымен қоса аймақ басшысы теңіз жағасында демалып жүрген қала тұрғындарымен дидарласып, хал-жағдайларын сұрасты. Ақтаулықтар өз кезегінде қаланың сәнін келтіріп, көркейтіп жатқан әкімшілік басшыларына алғыстарын жаудырды.
«Қарт Каспий теңізі – ақтаулықтардың бой жазар, серуендеп дем алатын ең тартымды жері. Облыс пен қала әкімдерінің туризмге серпін берер, шаһарымызды көркейтер жобаларға дем беріп жатқаны көңіл марқайтады. Бұл қала көз алдымызда өсіп, өркендеп жатыр. Бұрын құм, дала болған жерлерде зәулім ғимараттар бой көтеріп, өркениетке, жаңашылдыққа бет бұруда. Ақтауымыз гүлдене берсін, өсе берсін! Игі істер мол болсын! Қаланың дамуына атсалысып жатқан әкімшілікке алғысым шексіз!», – деп ақтарыла сөйледі Ақтау қаласының тұрғыны Түгелбай Иманқұлов.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Екі елдің және кедендік одақтың құрметті азаматыАқтаудың сырт келбетін көркейту мақсатында жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов бастаған топ 29-шағынаудандағы бірқатар тұрғын үйлерді тексеріп, ондағы көкейтесті мәселелерді тездетіп шешуді тапсырды. Оның ішінде «Заветная мечта» аталатын тұрғын үй кешенінің жоғарғы қабаттарында пайда болған жарықты жөндеп, қалпына келтіру де бар. Аймақ басшысы халық өміріне, денсаулығына қауіп келтіруі ықтимал үйдің мінін жедел жоюды, баспананың сырты мен ішіне лайықты жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ үйлердің сыртына мән беріп, көз тартар әдемі ашық түстерге бояуды жүктеді.
Бұл жауапты істі «Кассем групп» компаниясы мойнына алды. Мекеме жұмысшылары бірқатар тұрғын үйлерді қалаға сыйлық ретінде өз қаражаты есебінен бояйтын болды.
Ханым ҚУАТ Суреттер мен видеоны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="53322,53323,53328,53324,53325,53327,53326,53329"]