Қостанай облысы көшіп келем деушілерге 1300-ден астам бос жұмыс орнын ұсынып отыр. Бұл туралы бүгін Мұнайлы ауданы мен Жаңаөзен қаласында «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында Қостанай облысына ерікті қоныс аудару және бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге Қостанай облысының әкім Архимед Мұхамбетов арнайы қатысып, жиналғандарға бағдарламаның тетіктерін түсіндірді.
«2018 жылы Қостанай облысы бойынша 1365 маманға сұраныс бар: 60 агроном, 146 жүргізуші, 56 ветеринар, 135 балабақша тәрбиешісі, 65 аула сыпырушы, 47 жүк тасушы, 259 механизатор, 66 күзетші, 192 қара жұмысшы, 100 дәнекерлеуші, 63 құрылысшы, 98 тракторшы, 154 дәнекерлеуші керек. Бұған дейін шақырылған мамандарды орналастырдық. Бірлескен жұмыстар өз нәтижесін беруде», - деді Архимед Бегежанұлы.
Былтыр Маңғыстау облысынан солтүстікке 20 отбасы 76 адам қоныс аударған. Оның 16-сы Солтүстік Қазақстан облысына, 16-сы Павлодар облысына, 25-і Шығыс Қазақстан облысына, 19-ы Қостанай облысына көшкен.
"Өткен жылы облысымыздан солтүстік өңірлерге мемлекеттік қолдау шараларының көмегімен 20 отбасы 76 адам қоныс аударды. Сондай-ақ ағымдағы жылдың ақпан айында Маңғыстау облысының аудан, қалаларында Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облысының жұмыс берушілері мен аудандық әкімдіктері өкілдерінің қатысуымен ерікті қоныс аудару және бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері ұйымдастырылды», - деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін Жаңаөзен қаласында өткен Қостанай облысына ерікті қоныс аудару және бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 300-дей адам қатысып, 20 отбасы (67 адам) қоныс аударуға ниет білдірген.
Айта кетерлігі, биыл ақпан айында облыстың аудандары мен қалаларында Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облысының жұмыс берушілері мен аудандық әкімдіктері өкілдерінің қатысуымен бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері ұйымдастырылып, 2000-ға жуық бос орындар ұсынылған. Осы шараның нәтижесінде, Солтүстік Қазақстан облысына 23 отбасы, яғни 78 адам; Павлодар облысына 59 отбасы, яғни 202 адам; Костанай облысына 89 отбасы, яғни 333 адам, барлығы 171 отбасы 613 адам көшуге ниет білдірген.
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ