©
«Oil Construction Company» ЖШС кәсіподағының бұрынғы төрағасы Әмин Елеусіновтің отбасы Артур Свенссон атындағы халықаралық сыйлықтан бас тартып отыр. Бұл туралы оның қызы М.Елеусінова өзінің Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
«Әкемнің 2017 жылы 2 жылға бас бостандығынан айрылғанын, бүгінгі таңда Павлодар қаласындағы түзеу мекемесінде жазасын өтеп отырғанын білесіздер. Біздің отбасымыз үшін бұл ауыр соққы болды. Материалдық жағынан да, моральдық жағынан ауыр тиді. Бағымызға орай, сәуір айында қуанышты хабар келді», - деген ол Әмин Елеусіновтің мерізімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығу үшін арыз бергенін, қазір өтініші қаралып жатқанын, мамыр айында шешімі шығатынын хабарлады.
«Алайда бірнеше күн бұрын кейбір халықаралық кәсіподақ ұйымдары әкемді Артур Свенссон атындағы сыйлыққа ұсыныпты. Оған қосымша берілетін қаражаты да бар екен. Жақсы-ақ, бірақ КЕРЕК ЕМЕС!!! Сол ұйымдар бізге көмек керек болғанда қайда қалды? Біз адвокатқа ақша таппай тентірегенде қайда жүрді? Бұл істердің қандай мақсатпен жүзеге асатынын да білмейміз. Сондықтан сырттан келген мың сыйлықтан, өз елімізден берілген бір жылы сөздің өзі жетіп жатыр», - дейді М. Елеусінова өзінің фейсбуктегі парақшасында.
Сондай-ақ ол әкесінің тезірек босап шыққанын қалайтынын және Әмин Елеусіновтің бұдан кейін кәсіподақ жұмысынан бас тартатынын жазды:
«Халықаралық ұйымдардан басқа, Қазақстанның кәсіподақ федерациясы да (Федерация профсоюзов Казахстана) өз тараптарынан өтініш білдіргендерін білеміз. Бұған дейін олар үнсіз болғанын, осы уақытқа дейін ешбір реакция білдірмегенін ел біледі. Әкем босап шыққан соң, кәсіподақ жұмысынан бас тартады. Өзі де енді бұндай шаруалармен айналысуға құлықсыз. Әкем қалған ғұмырын немерелері мен балалары арасында отбасына арнауға шешім шығарды. Біз де солай болғанын қалаймыз», - деп түйіндеді.
М.Елеусінова өзінің жазбасында Әмин Елеусіновпен бірге сотталған Нұрбек Құшақбаевтың да осы ойды қолдап отырғанын жеткізді.
Айтып кетерлігі, Артура Свенссон атындағы сыйлық кәсіподақ ұйымдарына не оның белсенділеріне берілетін халықаралық сыйлық. Бұл сыйлықты Норвегия кәсіподақтары жыл сайын тағайындайды.
Сурет сайттың архивінен