©
Қадірлі маңғыстаулықтар!
Сіздерді 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Қастерлі Отанды қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Халқымыздың толайым тарихында әр ғасырдың бедер-белесінде туған ел мен жерді көздің қарашығындай қорғауда ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, ұрпақтың азат өмірі үшін жанын пида еткен ата-бабаларымыздың өшпес даңқы мәңгі жасай бермек. Тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап республикамызда елдік рух, патриоттық тәрбие ең маңызды мемлекеттік мәселе ретінде қолға алынды. Бүгінгі таңда егемен Қазақстан заманауи қару-жарақ пен құралдарға ие айбынды әскері бар қуатты елге айналды. Батыр бабаларымыздан ұлан-ұрпаққа мирас болған кең-байтақ қазақ даласының қай қиыры да қисапсыз төгілген қан мен құрбан болған жанның, қаһармандық ерлік істердің арқасында ел игілігіне айналып отыр.
Осынау даңқты дәстүрді ұлағат еткен сардарлар мен сарбаздарымыз аманат етілген қасиетті жер мен бейбітбітшілікті сақтауда тәуелсіздігімізге кепілдік болар зор күшке ие! Сондықтан да әскери адамдарға деген ерекше құрмет пен ілтипат көрсету – мемлекет пен әрбір азаматтың міндеті.
Халықаралық геосаяси маңызы бойынша өзіндік орны бар, еліміздің батыс шекарасында орналасқан Маңғыстау өңірінде әскери борышын өтеп жатқан барша офицерлер мен жауынгерлерді, әскери теңізшілерді, ер-азаматтарды мерекелерімен құттықтап, амандық-саулық, қайтпас қайсарлық пен таймас табандылық тілеймін!
Е.ТОҒЖАНОВ Маңғыстау облысының әкімі
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтауда түнгі соттар жұмыс істей бастайды