Маңғыстау өңіріне іссапармен келген республикалық арнайы мониторинг тобының мүшелері А.Соловьева, Н.Баймурзаев, З.Батталова, Ы.Тұрсынзада және ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік қызмет саласын бақылау департаментінің директоры Р.Тюлебаев Қоғамдық кеңестің мәжіліс залында облыстық, қалалық және аудандық арнайы мониторинг топтарының мүшелерімен кездесті.
Басқосуда кіріспе сөз сөйлеген агенттіктің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңесінің төрайымы Н.Жанназарова өңірімізде мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын көтеру және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталып өтті.
Республикалық арнайы мониторинг тобының жетекшісі А.Соловьева республикалық арнайы мониторинг тобының Маңғыстау өңіріне іссапары барысында анықталған бірқатар мәселелерге тоқталып өтті. Атап айтқанда, арнайы мониторинг топтарының облыстық, қалалық және аудандық қоғамдық кеңестерімен өзара іс-қимылды күшейту қажеттігін; құзырлы органдардың назарын аудару үшін проблемалық мәселелерді интернет желілеріне (соның ішінде бейнероликтер түсіру арқылы) салып отыру керек екенін баса айтты.
Ал республикалық арнайы мониторинг тобының мүшесі, белгілі қоғам өкілі З.Батталова арнайы мониторинг топтарының әлеуетін пайдаланып, әсіресе жер қатынастары, әлеуметтік қорғау салаларындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға баса көңіл бөлу, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электронды нұсқада алушылардың үлесін арттыруға жұмыстану, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға барлық әлеуметтік топтар мен жұртшылықты кең көлемде тарту, балабақша мен басқа да білім беру мекемелерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру қажеттігін баса айтты. Сонымен қатар мониторингтік топтар заңнамалардағы қарама-қайшылықтарды анықтап, оларды жою үшін қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге талдау жүргізіп отыру қажеттігін қаперге берді.
Агенттік өкілі Р.Тюлебаев республикалық топ мүшелері өзге облыстардың бір ауданында болған кезде, сол жердегі мониторинг тобының жұмыс жоспарын жасақтап, бұл бағыттағы жұмысты бір жүйеге келтіргендігін және басқа да өңірлердегі мониторинг топтарының тәжірибесін алудың маңыздылығын атап өтті.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтауда кәріз суын тазартатын қондырғы іске қосылмақПікірталасты қорытындылаған облыстық арнайы мониторинг тобының мүшесі К.Жақыпұлы облыстық арнайы мониторинг тобының отырысында жұмыс жүргізетін нақты 4 бағыттың айқындалғандығын (құрылыс, білім, денсаулық сақтау, құқық қорғау салалары) және бұл бағыттарда тиісті жұмысты жүйелі түрде жүргізе беру қажеттігін айтты.
Сондай-ақ ол агенттіктің Маңғыстау облысы бойынша аумақтық департаментінің бастамасымен облыс деңгейінде қоғам өкілдері, блогерлер, журналистер мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қоғамдық мониторингіне, басқа да маңызды іс-шараларға белсенді тартыла бастағандығын атап өтті.
Кездесу соңында республикалық арнайы мониторинг тобының өкілдері іссапар барысында атқарылған жұмыстарды қорытындылап, аудандарды бұдан әрі де ортақ мақсат үшін ынтымақтасуға шақырды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА