Бүгін Ақтауда 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі кең көлемде аталып өтілді. Қашаған ескерткішінен «Астана» алаңына дейін қаладағы түрлі кәсіпорындар мен мекемелердің еңбек ұжымы жүріп өтті. Меркелік шеруге түрлі ұлт пен ұлыстың өкілдері, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін қатысты. Мерекелік шеруді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, қала басшысы Ғалымжан Ниязов пен ақсақалдар тамашалады.
Облыс әкімі тұрғындарды бірлік күнімен құттықтап, мерекелік көңіл-күй тіледі.
«Баршаңызды 1 Мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – бейбітшілік пен достықтың, бірлік пен берекенің, ырыс пен ынтымақтың белгісін айшықтайтын мерейлі мейрам. Күні кеше ғана Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІ сессиясында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» деп атап өтті. Бұл «Бес бастама елдің әл-ауқатын жақсартумен бірге, ұлтты ұйыстыра түсудің тағы бір қыры – әлеуметтік бірлікті нығайтуға бағытталғаны» сөзсіз. Біріншіден, Еліміздегі экономиканы дамытуға, еліміздің барлық тұрғындарының әл-ауқатын арттыру. Өңірдегі халықтың игілігіне арнап жасалынып жатырған барлық әлеуметтік, мәдени және спорт нысандарын салу. Біз бүгіннің өзінде, мереке қарсаңында облысымызда бірқатар маңызды нысандар бой көтергендігін атап өткен артық емес деп есептеймін. Құрық елді мекеніндегі су тұшыту зауытының іргетасы қаланып, Мұнайлы ауданында күн сәулесінен электр қуатын алатын станция ашылды. Екіншіден, әлеуметтік капиталға салынатын инвестиция көлемін арттыру. Бүгінде біздің облысымызда бұл бағытта атқарылып жатырған жұмыстар аз емес. Бір ғана дәлел инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда 80,2 пайыздан 101 пайызға көтерілді. Былтыр кәсіпкерлікті қолдау картасының аясында өңірімізде 5 жоба іске қосылды (жалпы құны 70,7 млрд теңгені құрайтын 419 жұмыс орны ашылды). Биыл 2018 жылы тағы бес жобаны іске қосу жоспарда», - деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Бірлік күніне арналған мерекелік шаралар биыл тұңғыш рет "Ақбота" паркінің аумағында ұйымдастырылып отыр. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтары кішкентай бүлдіршіндерімен қыдырып, түрлі шараларды тамашалады.
Бірлік күніне орайластырылған мерекелік шеру өлкемізге танымал өнерпаздардың «Отанымыз – ортақ үйіміз» атты концертке, этно-мәдени бірлестіктердің ұлттық қол өнер бұйымдарының көрмесі, қала кәсіпкерлерінің мерекелік жәрмеңкесіне ұласты. Қала тұрғындарының қатысуымен қазақ күресі, асық ату, арқан тарту, гір көтеру, қол күресі, тоғызқұмалақ, дартс, шахмат сияқты түрлі спорттық шаралар, флешмобтар өтті.
Мұндай мерекелік шаралар Маңғыстау облысының барлық аудан, қалаларында ұйымдастырылды.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="53092,53091,53090,53094,53088,53089,53087,53086"]