23 сәуір — Түркия Республикасының Ұлттық егемендік және балалар мерекесі күні. Осынау мемлекеттік мейрам күні Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Корхан Кюнгерю облыс орталығындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылына барды.
Балалар ауылының ойын ауласында сөз сөйлеген Бас консул Ұлттық егемендік және балалар мерекесі күні туралы әңгімелеп, балаларға игі тілегін жеткізді.
- Бұл мерекені біздің ұлы көшбасшымыз Мұстафа Кемал Ататүрік 1920 жылы 23-сәуір күні Түркияның ұлы мәжілісі парламентінің ашылу күніне орай мемлекеттік мейрам деп жариялады, - деді ол. - Біздің ұлттық мерекеміз Түркиямен қатар бүкіл дүние жүзі балаларына арналған. Мейрам күні балалар алуан түрлі мәдени шараларға қатысады.
Аулада арнайы жайылған дастархан басына жиналған балаларға түрік халқының ұлттық тағамдары, әлемге танымал тіл үйірер тәттілері берілді. Сондай-ақ балалар үшін мультфильмдер кейіпкерлерін сомдаған әртістер келіп, ойын көрсетті. Ойынға балалар да белсене қатысып, өздерінің «сүйікті кейіпкерлерімен» тілдесті.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстаудың тарихи ескерткіштеріне экспедиция ұйымдастырыладыКөңілді өткен шара соңында балаларға Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы бас консулдығы дайындаған базарлық сыйлықтары берілді.
Түркия Республикасының Ұлттық егемендік және балалар мерекесі күнін атап өтуге өзге елдермен бірге Қазақстаннан да балалар қатысып жүр. Ал Ақтаудағы бас консулдық бұл мерекені үшінші мәрте атап өтті. Алғашында 2016 жылы осы балалар ауылының балалары бас консулдықта қонақта болып, түрік дастарханынан дәм татып, үйлеріне сыйлықтармен оралды. Екінші рет бұл мейрам былтыр «Ақтау» ойын-сауық орталығында аталып өтті. Сол күні мұз айдынында би билейтін балалар Қазақ және Түркия республикаларының байрақтарын алып жүріп, екі елдің достығын паш еткен еді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА