©
«Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалында еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік даму бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы отырыс өтті. Басқосуға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының, ҚР ауыл шаруашылық министрлігінің ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясы, «Туған ел» қоғамдық бірлестігінің басшылары және облыстық мәслихат депутаттары қатысты.
Шараны «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы өзекті мәселелердің бірі - «Аграрлық сала» сараптама комиссиясының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Қуанышбек Әбдірахманов жүргізді.
Маңғыстауда ауыл шаруашылығының негізгі саласы - қой, жылқы, түйе шаруашылықтары ұдайы даму үстінде. Шөлейт өлкеде төрт түлік малды тұрбалы және шахталы құдықтардың тұздылығы төмен тереңдегі жер асты суын пайдалана отырып бағып, баптайды. Көбіне мал шаруашылығы өнімдері басым бөлігі шаруа қожалықтарымен тұрғындардың өздерінің күшімен дайындалады.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұлдың мәліметі бойынша: 2017 жылы қаңтар-желтоқсан айларында ауыл шарушылығының жалпы өнім көлемі 13 689,5 млн. теңге, оның ішінде егін шаруашылығында 2 788,5 млн теңге, мал шаруашылығында 10 874,7 млн. теңгені құраған.
Мәселен, 2017 жылдың қаңтар-желтоқсан айымен өткен жылдың осы уақытын салыстырсақ, ірі қара мал саны - 16 897 бас, оның ішінде сиыр - 10 982 бас болып, 12,9%-ға, қой 278 553 басты құрап, 1,3%-ға , ешкі - 86 653 болып, 9,7%-ға, жылқы 65 414 бас болып, 4%-ға, түйе - 54 591 бас болып, 2,9%-ға, құс - 36 481 бас болып, 25,8%-ға өскен. Өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айы бойынша барлық санаттағы шаруашылықтарда мал мен құстың тірілей салмақта етке өткізілуі 10 382,0 тоннаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,4% артып, ал сиыр сүтін өндіру 20,3%-ға артқан.
Партиялық тыңдауда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы ауыл шаруашылығындағы атқарылған жұмыстар мен кейбір проблемаларға кеңінен тоқталды. Мал санының артып, берілген субсидияның игерілуі, мал азығы, азық-түлік қауіпсіздігі және алдағы уақыттағы жұмыстарды баяндады.
- Біздің облыста арнайы шабындыққа бөлінген жер жоқ. Ірі сояулы мал азығы әр шаруашылықтың өзіне қарасты ұзақ мерзімге жалға алған жайылым жерінен дайындалады. Егер де ондай жер болмаса, онда аудан әкімдігінің мемлекеттік қорға алынған жерінен олардың рұқсатымен пішен шауып дайындауға болады. Жалпы 2017 жылғы шабындық жағдайы қуантарлықтай. Аудан әкімдіктерінің мәліметіне сүйенсек, 50,0 мың тонна пішен дайындау жоспарланып, 51,2 мың тонна ірі сояулы шөп жиналды. Болжамдалған көлем 102% болып орындалды, - деді облыстық ауыл шарушылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл.
Малды суару мәселесіне келсек, 2017 жылы 30 жаңа ұңғыма қазу жоспарланып, 59 ұңғыма қазылған. Ақтау қаласында 1, Бейнеу - 1, Маңғыстау - 7, Мұнайлыда - 5, Қарақия - 28, Түпқараған ауданында - 17 ұңғыма қазылған.
Сүт, ет, тері, жүн, майлы дақылдар, астық, жеміс-көкөніс, қант қызылшасы, картоп өнімдерінің картасы жасалған. Маңғыстау облысы бойынша картаға 5 сүт өңдеу кәсіпорыны, ет өңдеу бойынша 2 кәсіпорын және жүн өңдеу бойынша 1 кәсіпорын енгізілген. Сүт өңдеу кәсіпорындары Ресей және Беларусь елдерінен әкелінетін құрғақ сүт негізінде жұмыс жасайды.
- Тауар өңдіру бойынша «ҚұрықАссорти» цехы жылына 45000 мың құты көкөніс крнсервілерін шығарса, жылына 100 тонна шұбат және қымыз өндіретін «Байболат» кәсіпорны, жылына 36 тонна қымыз өндіретін «Нақхан», «Поздняков» цехтары шұжық өнімдері мен жартылай фабрикаттар өндірісін жолға қойып отыр.
«ҚұрықСтройСервис» ЖШС-де польшалық технологиямен жабдықталған жүктемілігі-тәулігіне 22 мал сойылатын, етті қайта өңдеумен айналысатын мал сою цехы іске қосылған. Цех соңғы технологиямен жабдықталған, қызмет алушыларға жағдай жасалып, санитарлық норма талаптары сақталған.
Өкінішке қарай, бағасы жоғары болғандақтан цехтың жұмысы тоқтап тұр. Себебі цехта бір малды сою қызметінің құны - 5000 теңге, басқа жерлерде бұл қызмет түрі - 3000 теңге.
ҚР агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында облыстың ауыл шаруашылығы саласы бойынша 2017-2019 жылдарға 14 инвестициялық жоба жоспарлап отыр. Оның ішінде 4 жоба 2017 жылы іске қосылған.
- 2018 жылға 5 жоба жоспарланған. Нақты атап өтер болсақ, Мұнайлы ауданында жылына 1000 тонна өнім беретін, жаңа инновациялық технологиямен жабдықталған жылыжай құрылысы. 2016 жылы «Өзенмұнайгаз» АҚ демеушілігімен жылына 50 тонна қияр шығаратын Қарақия ауданындағы «Сенек» ЖШС-гі базасындағы 0,3 га жылыжай кешені құрылысы жобасына 58 млн. теңге қаражат бөлінген, қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары аяқталды. Ал «Сұлтан» ЖШС-гі жылына 1400 тонна түйе сүтін өндіру жобасын қолға алды. Мұнда 10 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Мұнайлы ауданының Басқұдық селосында сыйымдылығы 5000 тонна көкөніс сақтау қоймасымен бірге көтерме-тарату орталығының құрылысы жоспарланған. Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр селосында жеке кәсіпкердің «Бүркітбаев» жылыжай кешенін кеңейту құрылысы жұмыстарын аяқтауда, - деді Серік Қалдығұл.
Аталған кәсіпорындар іске қосылса, тұрғындарды жұмыспен қамту мәселелері де шешімін табары анық.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысына Серік Қалдығұловқа қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, соған нақты жауаптар берілді.
Зухра ӘБДІЛ-САТТАР