Маңғыстау облысында білім саласындағы жемқорлықты бақылап, мониторинг жүргізу мақсатында арнайы мобильді қосымша іске қосылды. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мұндай жоба Қазақстан көлемінде алғаш рет көпшілікке таныстырылып отыр. «Derek» мобильді қосымшасы арқылы азаматтардың өтініштерін қарау мерзімі қысқарып, сыбайлас жемқорлық туралы арыздарын тікелей жолдауға болады. Тұрғындар тек арыз-шағымын ғана емес, білім саласына қатысты кез-келген ұсынысын жібере алады.
Маңғыстау облысында білім берудің электрондық жүйесі талқыланған жиында жаңа жоба таныстырылды.
Мамандар емтиханнан парамен өту тоқтамайынша кәсіби маман даярлап, елдің дамуы туралы айтудың өзі әбестік дейді. Сондықтан Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мектептер мен университеттерде жемқорлықтың алдын алу жұмыстарына ерекше мән береді. Маңғыстауда білім саласына мониторинг жүргізетін мобильді қосымша осы мақсатта қосылған.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ