Маңғыстау ауылдарына көктем келіп, дала төсі көкке боянды. Тіршілік атаулы дүр сілкініп, өзгеше рең алады. Қай ауыл-аймаққа жолыңыз түспесін, жас төлдерін ертіп жол бойында жүрген малды көресіз. Әсем көрініс. Нағыз қозы-лақ төлдейтін кез - осы кезең. Қаланың қымқуыт тірлігімен байқамай жүрген боларсыз, нағыз қызу тіршілік ауыл-ауылдарда басталып кетті... Өрісте мал төлдесе, шопан қозы-лақты көтеріп алып иесіне әкеле жатады. Қорада тұрған мал төлдей қалса, ауылдағы адамдар мәре-сәре қуанады.
Ата - бабаларымыз «мал - жан аман ба?» деп амандық-саулық сұрасқан. «Адамның аш қалуы ештеңе емес, малдың жем-шөпсіз қалуы қиын» деп отырады екен үлкендер. Көктемнің соңғы айында мал төлдеп, қозы-лақ қара құлақтанған, ағашы бүр жарып, шөп шалғындап, жер жасылданып, ақ молайып, мал сөлденіп болады. Осы кез тамаша!
Маңғыстау халқы ежелден мал шаруашылығымен айналысқан. Ауылдағы ағайынның негізгі тіршілік көзі – түрт түлік мал. Ежелгі кәсіптен бүгін де іргесін бөлген жоқ.
Кезінде ата-бабаларымыз төрт түлікке жайлы қоныс іздеп кең даламызда көшіп - қонып жүрген. Малдың сүті, жүні, терісі, мүйізі, сүйегі тіпті тезегіне дейін өз қажетіне пайдаланып отырған. Мал қазаққа жесе асы, кисе киімі, мінсе көлігі, жапанда серігі болған. Қазақтар малды тек пайдаланып қана қоймаған, олардың бабын тауып, бағып-күтудің де жай-жапсырын, қасиетін, ерекшелігін жақсы білген. Бүгінде мал бағып, ата-баба кәсібін дөңгелетіп отырған маңғыстаулықтар көп.
Айгүл ДӘДЕН Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="52682,52683,52685,52686,52687,52688,52689,52691,52692,52690"]