©
Ежелден жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған Әз-Наурыз мерекесі де келіп жетті. Өңірде мерекеге орай әр жерде шаралар өткізіліп, аймақтың әрбір тұрғыны атсалысты.
22-наурыз - Ұлыстың Ұлы күні. Бұл күні күн мен түн теңеледі. Табиғат та, Жер-Ана да, жан-жануар да түлейді, жаңарады. Адамзаттың бойында қан жүгіріп, тал-теректер бүршіктейді. Кең дала көкке оранып, адам баласына құт-береке, бақ–дәулет ала келеді. Самарқанның көк тасы босап, бусанады. Ұлы даланың төсінде қызғалдақтар құлпыра өсіп, бел-белестерге әдемі кілем төселеді. Халқымыз жеті түрлі дәмнен наурыз көже жасап, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды сақтап, Ұлыстың Ұлы күнін дүркіретіп, көтеріңкі көңіл-күймен тойлайды. Араздасып, ренжіскендер бұл мерекеде кешірім сұрап, татуласады.
Көктем келіп, айнала көктеген шағында Ұлыстың ұлы мерекесін маңғыстаулықтар 14-наурыздан бастап тойлауға кіріседі. Бұл жылы да маңғыстау жұртшылығы наурыз мерекесін кең көлемде атап өтті. Өңірдің тұрғындары мен қонақтары Наурыз мейрамын тойлауға теңіз жағалауына көптеп жиналды. Ашық аспан, терең теңіз толқынының жағалауында жиналған көпшілік бір-бірімен көрісіп, мерекемен құттықтады. Күлімдеген бүлдіршіндер асыр салып ойнап, мәз-мәйрам болды. Таң сәріден үйлер тігіліп, ошақтар құрылып, дәмді ұлттық тағамдар дайындауға көпшілік кірісіп кетті.
30-ға жуық ағаш үй тігілді. Сапқа тұрған сарбаздай қаз-қатар тігілген үйлер аймақтың түрлі мемлекеттік мекемелерінің атсалысуымен жағалаудан орын алған. Тойға дайындық жасап жүрген ағаш үй иелері дүбірлі доданы кең көлемде атап өтуге өз үлестерін қосып бақты.
Киіз үй - әрбір жанұяның берекесі. Отағасы шаңырақты нық көтеріп, отанасы мен сол әулеттің басқа жандары уықтарды қадап жүр. Киіз үй жабдықтары аса ұқыптылықпен жасалып, айналасы тұтастай оюмен көмкерілген. Көшіп қонуға ыңғайлы етіліп жасалған әрбір киіз үй жабдықтарында мән-мағына жатыр. Біз де көпшілікпен бірге концерт көріп, мерекені тойлауға шықтық. Тұрғындар мен тілдестік. Байқағанымыз халықтың көңіл-күйі көтеріңкі. Барша Алашқа ортақ Наурыз мерекесін тойлауға ақ сақалды қариямен ақ жаулықты аналар жиналды.
Ұлыстың Ұлы күнінде үлкендер жағы балаларға ұлттық құндылықтарды, мерекенің мән-мағынасын түсіндіріп, әжелер наурыз көжені дайындаудың қыры мен сырын бөлісті.
Халқымыз жаңа жылға ертеден дайындалады. Қысқы соғымның әбден сүрленген етін осы күнгі қазанға салатын болған. Келіндер мен бойжеткендер кесте, орамал тігіп, бозбалалар сәндік бұйымдармен ағаштан қолөнерлер жасаған. Жасалған дүниелер күн мен түн теңесетін уақытта кәдеге асатын «ұйқыашар», «селт еткізер»-дің сый-тартулары. Көктемде ата-бабаларымыз үй айналасын тазартып, жайылымға мал шығарған. Үй ішін қағып-сілкіп, отпен аластаған.
Өңірімізде аталған мерекеге дайындық алдын-ала жүргізіліп келеді. Наурыз қарсаңында облыс, аудан, ауыл аймақ әкімшіліктерінің ұйымдастыруымен іс-шаралар жүзеге асырылады. Әр отбасы өз үйінің айналасын тазартады. Мұндай игі іске мекемелер қуана кірісіп, өз үлестерін қосқанына біз де куә болдық.
15 шағын ауданда, теңіз жағалауында Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамына арналған мерекелік жиын ұйымдастырылды. 21-наурыздан бастау алған мереке 2 күнге ұласты. Аталған мейрам өте жоғары деңгейде аталып өтілді.
Алдымен «Ұлыс күні-Ұлы көш» деп аталатын арнайы театрландырылған қойылым көпшілікке паш етілді. «Нұр Отан» партиясының төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов сөз алып, жұртшылықты мерекемен құттықтады.
Жиналған қауым Абай мәдени-демалыс кешені өнерпаздарының концертін тамашалады. Наурыз мерекесі көпшілікке көтеріңкі көңіл күй мен шаттық сыйлады. Жағалауда мерекелік концерт те, ойын-сауық та бәрі бар. Ана тұста әсем ән шырқалып жатса, мына тұста батырлар күресіп, күш сынасуда. Палуандар күресіп, ең мықтыны жұрт анықтады. Боз кілемге шыққан әрбір ер жігіт бір бірінен осал еместіктерін байқатты. Мына тұсқа қарай бағыт алсақ, білектегі күшті сынап, қол күрестің батырлары жиылған топқа біз де еніп кеттік. Кіл мықтылар жиналып, күш сынасты. Топтан ең күштілер суырылып шығып, арнайы сыйлықтарға ие болды. Сонымен қатар жағалауда бұдан да басқа ұлттық ойындар ойнатылып, оны жұртшылық аса қызығушылықпен тамашалады. Тоғызқұмалақ ойнаған мектеп оқушылары, бұл ойынның ақыл-ойға, ойлау қабілетінің дамуына зор ықпал етеді деседі. Ойын үстелде емес, жерде ойналды. Жерде ойналған тоғызқұмалақтың үстел үстіндегі тоғызқұмалақтан айырмашылығы мұнда топтасып, яғни екі топқа бөлініп бақ сынасады. Әр топта 10 ойыншы аса ұқыптылықпен ойнайды. Сонымен қатар ерлер арқан тартып, гір көтерді.
Жағалауда ыстық бауырсақ пісіріліп, «бауырсақ пати» өтті. Жиналған жұрт шұбат ішіп жарысты. Жастар жағы мерекеде алтыбақан теуіп, әсем әннен әуелетті. Барша жұртшылық атсалысқан мерекеде қолөнершілердің туындыларынан көрме ұйымдастырылды. Көлік жүргізушілер көктемгі мерекемен отандастарды құттықтап, республикалық флешмобқа үлес қосты. Өңірімізде тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан көптеген ұлт өкілдері мереке аясында бас қосып, бірлігі мен ынтымақтарын паш етті. Түрлі ұлт өкілдері ағаш үй тігіп, би билеп мерекенің сәнін одан әрі аша түсті. Мерекелік күннің екінші жартысы балалар шығармашылығынан құралған концерт пен жыр термешілер байқауына арналды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жаңа зауыт — өмір талабыНаурыз-жыл басы. Бұл күні бұлақтар тазартылып, ағаштар отырғызылады. Наурыз-достықпен бейбітшіліктің мерекесі.
- Жиналған жұртқа осы күнгі дастарқанның басты асы наурыз көже таратылып, ауыз тигізіледі. Наурыз көжені тойып ішу керек, сонда жыл бойы тоқшылық болады,-дейді Бердіқұл ақсақал.
Мерекелік шара эстрадалық концертпен жалғасып, мерекелік от шашуға ұласты. Ғасырлар бойы қазақ халқының жадынан шықпай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан көкорайлы көктемнің Наурыз мерекесі құтты болсын. Бақ-береке, молшылық болғай.
Зухра ӘБДІЛ-САТТАР
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН