Маңғыстау облысында ҚР Қарулы күштері қатарына көктемгі әскери шақыру науқаны басталды. Отан алдындағы қастерлі борышын өтеу үшін аймақтан 25 жігіт мемлекеттік шекараны күзетуге аттанды.
Денсаулығы зор, білімі мол, патриоттық сезімі жоғары жігіттерді шығарып салу үшін ата-аналары, туған-туыстары, дос-жарандары келді. Олар елдің іргесі берік, шекарасы мығым болуына атсалысуды көздеген жастарға Отан алдындағы әскери міндетін абыройлы атқаруын, туған жеріне аман-есен келуін тіледі.
-Шекара қызметіне таңдалған жігіттер арнайы медициналық, психологиялық тексерістен өткен. Шекарашылар – ел тыныштығын қызғыштай қоритын, халықтың бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне жауап беретін алғашқы әскери қызметкерлер. Жауынгерлерге үлкен жауапкершілік жүктелген. Бұны аттануға даяр жігіттер де жадына мықтап түйген. Жігіттердің Отанға деген сүйіспеншілігі ерекше, әскер қатарында қызмет етуге құлшынып тұр. Олар Шығыс өңірлік басқармасының Мақаншы шекара отрядына жіберіледі. Бұл әскери бөлім - Қытай шекарасында орналасқан 90 жылдық тарихы бар, алғашқы құрылған әскери отряд болып табылады. Онда жауынгерлер үшін барлық жағдай жасалған, техника мен қару-жарақтар жеткілікті. Әрбір азамат үшін әскери қызмет – үлкен өмір мектебі. Бұл мектептен жақсы тағылым алып, елге аман-есен оралып, қазақ елі үшін табысты еңбек етуіне шын жүректен тілектестік білдіремін,-деді Шығыс өңірлік басқармасының Мақаншы шекара отрядының өкілі, подполковник Жәнібек Шарипов.
Х.ОРЫНБАЙҚЫЗЫ Суретті түсірген автор