Бүгін облыс әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен аппарат жиналысы өтті. Күн тәртібінде «Денсаулық» Мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қорытындылары, ҚР Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасының нәтижелері және жеті бастама бойынша кәсіпкерлер палатасының жұмысы қаралды.
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» Мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қорытындылары туралы (2017 жылдың қорытындысы бойынша) облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғатбек Бапиев баяндады.
Бала және ана өлімін азайту бойынша облыста бірқатар шаралар жүргізілді. Республикалық ғылыми орталықтардың кураторларымен жұмыс тобы құрылып, Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен аудандарды аралады. Облыста акушерлік ұйымның пилоттық режимінде босанған әйелдерге және балаларға қамқорлық көрсету алғаш рет енгізілді. Ақтау қаласындағы №1, Жаңаөзен қалалық №2 емханаларында «SOS Қашықтан антенаталдық күтім» жобасы іске асырылды.
«МЖӘ тетігі бойынша 1 млрд. 16 миллион теңгеге ұрықтың туа біткен кемістіктерін уақытында диагностикалау үшін сараптама сыныбының 16 бірлік ультрадыбыстық аппаратын сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ ДДҰ-ның өңірлік үйлестірушілері 62 облыстық дәрігерді каскадты оқытуда», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғатбек Бапиев.
Қазақстан Республикасының Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қорытындылары туралы (2017 жылдың қорытындысы бойынша) облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл мәлімдеді.
2017 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 13 689,5 млн. теңге, оның ішінде егін шаруашылығында 2 788,5 млн. теңге, мал шаруашылығында 10 874,7 млн. теңге болды. Маңғыстау облысы бойынша 2017 жылы өткен жылмен салыстырғанда барлық мал саны 502 075 басты құрап, 30%-ға өсті.
«Егін шаруашылығы бойынша 2017 жылы 1030 га егіс алаңы болды, оның 790 гектарына тамшылатып суару жүйесі қолданылып, көкөніс және бақшалық дақылдар егілді. Көкөніс және бақшалық дақылдар өндіру 2016 жылмен салыстырғанда 10 942,7 тоннадан 15 835,2 тоннаға дейін артып, 44,7%-ға өсті. Облысқа бекітілген дәнді-дақыл және ұн өнімдерінің экспорты 10,8 млн. АҚШ долларын құрап, 0,8%-ға артты. 2018 жылға меморандум бойынша 12 млн. АҚШ доллары жоспарланған», - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл.
«E-Agroculture» біріңғай автоматтандырылған басқару жүйесінде Маңғыстау облысы бойынша 2017 жылы – 1489 ауыл шаруашылық және арнайы техникалары тіркелді. Оның ішінде 26 техника агроөнеркәсіп кешенінің субъектілерімен тіркелген. 2017 жылы техникаларды жаңартудың орташа деңгейі 1,7%.
Аппараттық жиында жеті бастама бойынша кәсіпкерлер палатасының кейбір мәселелері туралы Маңғыстау облысы өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрбек Қарасаев баяндама жасады.
Жер телімі, инжиниринг пен байланыс желілеріне қосылу туралы ақпаратқа онлайн қолжетімділікті қамтамасыз ету; кәсіпкерлерге арналған толыққанды сервистік орталықтар құру; саудаға арналған бос аймақтарды бөлу; шағын индустриалды аймақтарды құру; консультативтік органдардың тиімді жұмысын қамтамасыз ету; өңірлік даму институттарының рөлін күшейту сынды мәселелерді көтерді.
«Маңғыстау облысы өңірлік кәсіпкерлер палатасы 2017 жылы жалпы құны 394 млн. теңгеге 86 шағын несие беріп, нәтижесінде 207 жұмыс орны ашылды. Бүгінгі таңда облыс бойынша 12 328 қызмет көрсетілді. Сондай-ақ, 9 жоба қабылданған 3 отырыс өткізілді. Инвестициялар көлемі 1 миллиардтан астам қаржыны құрайды. Аталған жобалар жүзеге асырылған соң 469 орындық жаңа жұмыс орындары ашылады»,- деді Маңғыстау облысы өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрбек Қарасаев.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі