Маңғыстау облысы елді мекендерінің аумақтарын көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазарту шаралары облыс бойынша басталды. Өңірдің барлық аумағында, аудандарда жүргізіліп жатқан сенбілікке көпшілік атсалысып жатыр.
17 наурызда «Кіші Оймаша» көлінің жағалауын тазартудан басталған сенбілікке біз де барған болатынбыз. Шараға барлық мемлекеттік мекемелер, өндірістік кәсіпорындар, облыс және қала әкімдігінің басқарма бөлімдерінің қызметкерлері белсене атсалысты. Мұнда бос бөтелкеден бастап, түрлі тағам қалдықтары мен өлекселер де жатыр. Қоқыстан аяқ алып жүру мүмкін емес. Қараңғы батып, жұрт тынышталғанда кейбір пысықайлар үйден шыққан қоқыстарды осында тастайтын көрінеді. Түрлі қоқыспен жайрап жатқан көл маңы әп-сәтте жиналып, көркі кіріп қалды.
Сенбілікке қала бойынша 950-ге жуық адам қатысып, 32 арнайы техника іске қосылды. Бұл шара аталған территорияны тазалаумен шектелмейді. 15 наурыз бен 30 сәуір аралығында өтетін тазалық шаралары тек қана қала аумағында емес, аудандарда да өткізілмек.
Сенбілікте сонымен қатар жаңадан салынып жатқан 33, 34, 34а шағынаудандардың сыртқы жағындағы қатты құрылыс қоқыстарын жинауға құрылыс компанияларының техникалары жұмылдырылған.
- Сенбілік облыс әкімінің жыл сайынғы абаттандыру, көгалдандыру санитарлық тазалықтар аясында ұйымдастырылып жатыр. Барлық аумақтарды тазарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. 31 наурыз күні талдардың діңін әктеуді жоспарлап отырмыз,-дейді Ақтау қалалық тұрғын-үй шаруашылық бөлімінің басшысы Берік Ізғалиев.
Сенбілікте шамамен 3000 мың тоннаға жуық қоқыс жиналып, оларды арнайы көліктерге тиеп, тиісті орынға жөнелтілді. Табиғатты таза ұстап, айналаны қоқыстан тазартуды әркім өзінен бастаған жөн. Егер өзіңіз өмір сүріп, ауасымен тыныстап жатқан өңіріңіздің тазалығы сізді алаңдатар болса, сенбілікке өз үлесіңізді қосуға шақырамыз.
Айта кетелік, жаппай тазарту сенбілігіне аудандар да атсалысып, табиғаттың таза болуына үлес қосты. Облыс бойынша сенбілікке 9808 адам қатысты.
Зухра ӘБДІЛ-САТТАР
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН