©
«Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалында Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» Маңғыстау облыстық коалициясының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуін талқылауға арналған отырысы болды. Оны ашып, жүргізіп отырған «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, коалиция төрағасы Нұри Тумышев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» атап көрсетілген бастамалардың халықтың әл-ауқатын көтерудің Елбасымыз үшін басты міндет екендігін дәлелдеп отырғанын айтып өтті.
Қазақстан коммунистік халықтық партиясы Маңғыстау облыстық филиалының бірінші хатшысы Роза Махамбетова, облыстық «Халық келісімі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Юсуф Шахшаев, облыстық Кәсіподақтар федерациясының төрағасы, Қайрат Жанабеков, «Жас Отан» жастар қанаты Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Әсет Нұров, Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының меңгерушісі Гүлжан Исмурзина және облыстық мәслихат депутаттары, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері сөз сөйлеп, өз ойларымен бөлісті.
Аймақтағы саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері бас қосқан жиында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» жоғары бағаланып, Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» Маңғыстау облыстық коалициясы осынау аса маңызды бастамаға қолдау көрсету мақсатында Үндеу қабылдады.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА