©
«Каскор-Транссервис» АҚ кәсіпорны ұжымы Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін өндірістік жақсы көрсеткіштермен шат-шадыман көңілді күйде қарсы алып отыр.
Кешеден бері қабағы ашылмай тұрған күн айналаға сәулесін молынан төгіп, мейірленіп кеткендей. Жүздеріне шуақ қонақтаған кәсіпорын қызметкерлері де мәз-мәйрам болып, құшақтасып, көрісіп, бір-біріне деген ілтипат-қошаметін жайдары күлкісімен жеткізіп, мәре-сәре. Жағалай қаз-қатар тізілген столдан наурыз көженің дәмін татып, бауырсақтан ауыз тиіп, ыстық шайға маңдай жібіткен теміржолшылар мереке салтанатын тамашалауға жайғасты. Алғашқы сөз кезегін «КаскорТрансервис» АҚ Басқарма төрағасы Али Сахимов алды:
- Наурыз айын «Алғыс айту күні» мерекесімен бастадық. Кеше ғана «Халықаралық әйелдер күні» мейрамын атап өттік. «Амал келді, жыл келді» деп көрісіп, қуанып жатырмыз. Енді, міне, халықаралық деңгейде тойланатын әз-Наурызымыз келді. Жақсылығымен, жақсы жаңалықтарымен жетті. Ұжым мүшелері достық пен ынтымақтың, ауызбірліктің үлгісін көрсетіп, жылды жақсы көрсеткіштермен бастағалы отыр. Қол жеткізген табыста баршаңыздың үлесіңіз бар. Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мерекесі құтты болсын! Әрқайсыңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға аманшылық тілеймін! - деп Али Өтепұлы жүрекжарды лебізін білдірді.
Көпшілікті Наурыз мерекесімен Астанадан арнайы келген Республикалық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары, Маңғыстау облысының Құрметті азаматы, академик Өмірзақ Озғанбаев құттықтады.
«КаскорТранссервис» АҚ Басқарма төрағасы Али Сахимов кәсіпорынның қалыптасуына және дамуына қосқан үлесі, жоғары өндірістік көрсеткіштері және үлгілі еңбек тәртібі үшін бір топ қызметкерлерді ҚР Инвестициялар және даму минстрлігінің, акционерлік қоғамның Алғыс хатымен марапаттады. Олардың қатарында вагондарды техникалық тексеру пунктінің тексеруші-жөндеушісі Оразғали Жылқайдаров, «Юбилейная» теміржол стансасының пойыз диспечері Қайрат Айтбайұлы, «Стройтельная» теміржол стансасының жүк пен вагажды қабылдап-тапсырушысы Татьяна Мамбетжанова, дабылтатпа, орталықтандыру, бұғаттама шебері Сұлтанбек Чокланов, темір жол кранының машинисі Марат Төреғалиев, тасымалдарды жоспарлау және клиенттермен жұмыс жасау бөлімінің бағалаушысы Балзия Якупбаева және басқа да бірнеше маман бар.
Қонақтар «КаскорТранссервис» АҚ қызметкерлері дайындаған концертті тамашалады. Гауһар Жұмағалиева әуелете шырқаған халық әні «Халым-ай», Қуанышбай Тұрлановтың «Сүгір-ай», Нұрмахан Үмбетовтың «Әдемі-ау» Сайлаугүл Дүйсебаеваның орындауындағы «Шашбаулым» әндері, Нұрулла Сүйребаевтың «Наурыз» термесі, Шуақбай Дүйсенов тартқан Ахмет Жұбановтың «Би» күйі талғампаз көптің көңілінен шықты.
Бодибилдинг және фитнес бойынша Қазақстан мен Орта Азияда өткен чемпионаттардың жеңімпазы, ҚР Еңбегі сіңген жаттықтырушы Амантай Нұрсұлтанның шәкірттері- Данияр Қазбағаров пен Ухтам Жұмамұратовтың дене мен бұлшық ет үйлесімділігін паш еткен тамаша өнері мереке ажарын аша түсті.
Өндіріс және тасымалдау бойынша директор Ақжігіт Ахметов футбол, волейбол спорты бойынша жүлделі орындардан көрінген командаларға кубог, заттай және материалдық сыйлықтарын табыс етті. Түстен кейін мереке «Ле ванте» ресторанында жалғасты.
Болат ҮМБЕТОВ