Ақтауда теңіз жағалауында Наурыз тойына орай киіз үйлер тігілді
[ 2018 ] 21 наурыз, 14:59 | Маңғыстау жаңалықтары
Ақтауда теңіз жағалауына киіз үйлер тігіліп, Наурыз тойын тойлауға дайындық басталып кетті. Ақтаулықтар жыл басы Наурыз мерекесін теңіз жағасында тойлауды дәстүрге айналдырған. Биыл да жылдағы әдет бойынша Ұлыстың Ұлы күніне арналған мерекелік шаралар теңіз жағасында ұйымдастырылып, сән-салтанаты жарасқан қазақы киіз үй тігіліп, наурыз көже пісіріліп, ұлттық ойындардан жарыс та өткізу жоспарлануда. Қала тұрғындары мен қонақтары "бауырсақ пати", "шұбат пати" сынды шаралар аясында ұлттық тағамдардан тәм тата алады.
Сайтымыздың фототілшісі Талант Құсайын киіз үйді тігу сәтін түсірген болатын. Киіз үйдің шығу тарихы мен сүйектері туралы мағлұматпен бірге суреттерді ұсынамыз.
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="50416,50419,50414,50418,50413,50420,50415,50417"]
Киіз үй — Орталық және Орта Азия халықтарының негізгі баспанасы; Орталық және Орта Азия халықтарының көшпелі тұрғын үйі. Ол — көшпенділердің тез жығып, шапшаң тігуге, яғни көшіп-қонуға ыңғайлы үйі.
Киіз үй - көктем, жаз және күз мезгілдерінде қоныстан қонысқа көшіп жүру жағдайына қолайлы құрама үй. Оның қабырғасы торлап көктелген керегеден тұрғызылады. Кереге әдетте екі түрлі болады. Оның бірі кең көзді кереге « желкөз» деп аталады. Бұл артуға жеңіл, бірақ сәнсіз, сүйегі жеңіл болғандықтан желге төзімсіздеу болып келеді.Екінші түрі тар көзді кереге – «торкөз» деп аталады, ол артуға ауырлау болғанымен, желге өте төзімді. Кереге жиналмалы бөлек-бөлек қанаттардан жасалады. Ал керегеден жоғары сидам, жіңішке ағаштан жұмырлап жасалып, қарны иілген уықтардан қаусырыла күмбез шығарылады. Уықтардың басы дөңгелене жайылған керегенің аша басына айқастырыла байланып, ұшы (қаламы) шаңырақтың көзіне шаншылады. Шаңырақ-үй күмбезінің төбесі әрі терезесі. Керегенің сыртынан әр алуан бояулы жүн оралып, өрнек түсіріліп тоқылған шымши немесе жалаңаш шиден тоқылған ши ұсталады. Кереге мен уықтар уықбау, кермебау, басқұр, құр және басқа да бау-шулармен бекітіледі. Үйдің ағаштан жасалғандарын «сүйегі» деп атайды. Үй ағашының сыртынан арнаулы үй киіздері-қабырғасына туырлық, үстіне үзік, төбесіне түндік жабылады. Бұл үй киіздері бау-шулар арқылы ұштастырылады. Киіз үйдің есігінің биіктігі бір жарым метр, ені 0,8 метр келеді. Оған ағаштан оюлап жасалған «сықырлауық»деп аталатын жарма есік орнатылады. Сықырлауық сыртынан ораулы шиден тоқып, оюлы киіз қаптаған жаппа есік түсіріледі. Үйдің ортасында тамақ пісіретін ошағы болады. Үйдің оң жағында төсек, оның тұсына тұскиіз ұсталып, төсекті қоршап шымылдық тартылады. Үйдің төріне жұқаяқ қойылып,оның үстіне абдыра, көрпе-жастық т.б жүктер жиналады. Үйдің сол жағына кебеже, қазанаяқ, саба сияқты ыдыстар қойылып, шыптамен қоршалады. Талай ғасырлық көшпелі тұрмыс тәжірибесінен туған қазақтың киіз үйі – күннің аптабы мен түннің дым-сызынан, жауын-шашын мен аңызақтан, бораннан сақтануға ыңғайлы, әрі ауалы, әрі жарық болудың үстіне көші-қонға қлоайлы, оны жарты сағат ішінде жығып-артуға да, жарты сағат ішінде көліктен түсіріп, тігіп алуға да болады.
Киіз үй кейінгі қола дәуір б. з. б. XII—IX пайда болып, тарихшылардың кейбір ой-пікірлерінше андрондық тұрақ үйлеріне ұқсастығы жақынырақ болған-ды. Алайда андрондық үйлері бөренелі тектес лашық үй болған. Сондықтан бұл нұсқаны шындыққа жатқызуға болмайды. Киіз үй жуық шаменен алғанында кейінгі дәуір б. з. б. 8-5 ғасырларда пайда болуы мүмкін. Киіз үй ғұн дәуірінен белгілі. Кейбір ежелгі көшпенділердің мобильді тұрақ үйінің көрсетілімдерін жартасқа салынған суретте сақталып қалған.Киіз үй сүйегі арнайы дайындалған ағаш сырықтар мен бұтақтардан дайындалады. Олар желге, жабылатын киіз салмағына, әсіресе кенеттен пайда болатын дала құйынына шыдамды етіп жасалынуы қажет.Киіз үй формасының дөңгелек түрде алынуы, барлық бөлшектерінің бір-бірімен айналмалы, қозғалмалы (шарнирлі) етіп жалғастырылуы киіз үйді жел екпініне, жер сілкінісіне төзімді етеді жҽне киіз үйдің бұндай қасиеттері кездейсоқ құйын соғып, не қатты дауылға шыдамай құлаған жағдайда үйлерді аз ғана шығынмен қайта тұрғызуға мүмкіндік береді.
- Тоғын– шаңырақтың дөңгелек шеңбері.
- Шаңырақ– үйдің бас бөлігі.
- Күлдіреуіш– түнікті көтеріп тұратын, ағаштан иіп жасалған бөлшек.
- Кепілдік (кепіл ағаш) – күлдіреуіштерді біріктіріп ұстап тұратын ағаш.
- Қаламдық– уақыттың қаламы (басы) кіріп тұратын, шаңырақтағы төрт бұрышты тесік.
- Қаламы– уықтың шаңырақ қаламындағы сұғылатын ұшы.
- Уық– шаңырақ пен кереге отрасын қосатын иінді ағаш.
- Алақаны– уықтың кереге басына бекітілетін басы.
- Иіні– уықтың иілген (бүгілген) тұсы.
- Кереге– жиналған кереге (үй қабырғасы).
- Керегенің басы– керегенің жоғарғы жағы.
- Керегенің аяғы– керегенің жерге тірелген жағы.
- Көз– керегенің тор көздері (тор көз, жел көз)
- Азат көз– керегенің көктелмеген жерлері.
- Желі– керегені құрайтын ағаштар.
- Ерісі– ағаштардан кереге құрайтын ұзыны.
- Сағанақ, балашық – ағаштардың қысқасы.
- Қары– уақтың иініне дейінгі бойы.
- Ыру– уық пен керегеге салынған оюлы сызықтыр.
- Сықырлауық– киіз үйдің ағаштан жасалған жарма есігі.
- Маңдайша– екі босағаны жоғары жағынан ұстап тұратын берік ағаш.
- Босаға– маңдайша мен табалдырықты қосатын және кереге бекітілетін ағаш.
- Бақалақ – сықырлауықты жапқанда маңдайшада бекітіп, тұратын айналмамалы ағаш тиек.
- Жабық– туырлықтардың бір-біріне айқаса жабылатын тұсы.
- Күйеу қазық– шаңырақ көтеретін, киіз есікті көтеріп қоятын, бір жақ басы аша ұзін ағаш.
Үй киіздері
- Киіздер– киізден тұратын бөлшектер.
- Түндік– шаңырақ үстінен жабылатын төртбұрышты киіз.
- Туырлық– ордада кереге бойы, шағын үйде шаңыраққа дейтін жабатын киіз.
- Дөдеге (үзікті үй) – үй сыртында кереге басы тұсына киізден оюлап жасалған әшекейлі киіз.
- Кереге қап – сырлы кереге қажалмас үшін, әрі көгіне су тимес үшін қапталған киіз.
- Киіз есік - үйдің есігін сыртынан жабылып тұрады.
- Үзік - уықтардың үстін ала жабылады.
Киіз үйдің баулары, басқұр мен арқандары (бау-шулары)
Киіз үйдің сүйегін бір-бірімен ұластыру мақсатында бау-құрлар қолданылады.
- Таңғыш – екі керегенің сағанағын (жігін) кіріктіріп таңатын өрнекті жіңішке құр. Таңғыш – үй тіккенде керегелерді бір-біріне қосып байлайтын терме бау.
- Бас арқан – керегенің басын сыртынан бастыра орап таңатын қыл – арқан.Бас арқан – үйдің барлық салмағын ұстап тұратын , кереге басын орай маңдайша бекітілетін берік арқан.
- Шалма – уықтарды ығып кетпеуі үшін шалмалап байлайтын құр.
- Желбау – өрнекті, төгілме шашақты құр, шаңыраққа үш жерден байланып, керегеге асылады, киіз үйге сәндік жиһаздық сипат береді.Оның негізгі міндеті – дауыл кезінде шаңырақты салмамен басып тұру.
- Желбеу – сәндік үшін шаңыраққа байланатын шашақты баулар. Желді күні үй шайқалмас үшін оған салмақ байланады.
- Басқұр – киіз үйдің ішін безендіру үшін, әр туырлықтың кереге басына үйкелмеу үшін уық пен керегенің түйіскен жерін сыртынан бастырып тағатын, өрнекті жалпақ құр. Басқұр – кереге басы туырлықты тесіп кертеу үшін үй айнала жүргізілетін (тартылатын) жалпақ оюлы құр.
- Үзік бау – үзіктің екі жиегінен екі немесе үш жерден айқастыра тартып керегеге байлайтын жалпақ терме бау.Үзік – ордада кереге мен шаңыраққа дейін жабатын туырлық бөлігі.
- Бел-бау – туырлықтың керегеге тығыз жатуы және жел көтеріп кетпеуі үшін сыртынан бастырып буатын қыл арқан.
- Белдеу – жел тұрғанда туырлық көтеріліп кетпес үшін үй сыртынан екі жерден тартылатын арқан.
- Киіз үйдің шилері - кереге мен туырлық арасынан айналдыра тұтылатын шилер туырлықты кереге көгінің жылуынан қорғап, киіз үйдің сырт пішінін жұмырлай түседі. Қой жүнін бояп, әшекейлеп орау арқылы тоқылған шиді шым ши деп атайды. Ши кейде тамақ қоятын сол жақ босағаға да тұтылады.Ши – киіз үй бөлшегін, тұрмыс бұйымын жасайтын өсімдік.
- Есікбау – киіз есіктің бауы.
- Тастама – киіз есігін жоғарыдан шаңырақ арқылы маңдайшаға байлайтын бау.
- Жел арқан – дауылды күндері үйді бастыра тартатын арқан.
- Аяқбау – уыққа сәндік үшін байлайтын түрлі жіптер шоғы
- Балақбау – көшенде уықтарды босып байлайтын баулар.
- Түндік бау – түндікті белдеуге байлайтын бау.
- Уық бау – уықты керегеге байлайтын жіп.
- Арқан – баулары немесе бау-шулары – құр, арқан.
Уикипедияның материалы пайдаланылды
1424
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.