Таяуда Ақтаудағы №21 орта мектебінде қазақ әдебиетінде тұғыры биік тұлға, ұлы ақын Қадыр Мырза Әлінің шығармашылығына арналған облыстық Қадыр оқулары байқауы өтті. Оған найзалы ақынның талантына бас иген, поэзиясын сүйген 30-ға жуық оқушы қатысты. Аты аңызға айналған ақын Қадыр Мырза Әлініңрухани бай мұрасына бойлаған оқушылар өңірдің түкпір-түкпірінен жиналған. Әрқайсысы жүрегіне жақын, көңіліне көрікті өлеңдерді іштей қайталап, сахнаға шығуға дайындалып жүр. Облыстық білім басқармасы мен «Дарын» облыстық қосымша білім орталығының мұрындық болуымен өткен байқау жас толқынды сөз сәйгүлігі – Қадырдың өлеңдерімен сусындатып, тіл байлығын, сақтау қабілетін, көркем сөз оқу шеберлігін ұштау, дамытуды мақсат тұтты. Байқаудың ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Тұржанова қала-аудандардан озып шыққан жүйріктерге сәттілік тіледі: - Қазақтың маңдайына біткен біртуар тұлғалардың шығармашылығын дәріптейтін байқаулар мен шараларды өткізу дәстүрге айналған. Бүгінгі байқауға да поэзияға құштар дарынды оқушылар қатысуда. Баршаңызға білім басқармасы атынан сәттілік тілеймін! Сіздердің араңызда қазақ әдебиетінде шоқтығы биік қаламгерлер, талантты тұлғалар шығатынына сенемін, - деді ол. Байқау үш бөлім бойынша өтті. «Сөздің бәрі құдіретті...» бөлімінде оқушылар ақын Қадыр Мырза Әлінің өлеңдерін жатқа оқыды. «Кейбір жырым дән ұшырып қырманда, кейбір жырым бақташы боп жүр маңда» - қаламгердің сөзіне жазылған әндерді шырқайтын қатысушылардың бөлімі болды. Ал «Қуып шығар қызыл сөзді ой кейін» бөлімінде балалар ақын рухына арналған өз туындыларын ұсынды. Қатысушылардың өнеріне қарап, көрермен қауым ақиық ақынның терең сезіміне, телегей теңіз біліміне тәнті болды. «Ата-аналар және мұғалімдер бізге бұрыннан «Қадырдың оқуларын» өткізуді ұсынған. Нәтижесінде, ұсыныс жоғары жақтан ескеріліп, ұйымдастыруды қолға алдық. Қадыр Мырза Әлінің шығармашылығы махаббатқа, патриотизмге, шынайылыққа толы. Оның өлеңдері балаларға өте жеңіл, қызықты әрі түсінікті. Әрбір кестелі сөзінен, шуақты шумағынан оқушы өзіне жақын, ыстық ойды, сезімді табады. Себебі, оның шығармашылығы сүйіспеншілікке, ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелейді. Белгілі жазушы Әбіш Кекілбаев: «Қадырды білмейтін қазақ әсте жоқ. Қадырды әлі әріп танымаған бүлдіршін бөбектен бастап, әріпті көзілдіріксіз көре алмайтын қарияға дейінгінің бәрі біледі. Өзін білмесе де сөзін біледі» деп тегін айтпаған», - деді облыстық «Дарын» қосымша білім орталығының шығармашалық-инновациялық жұмыстар зертханасының басшысы Сәлима Аймекен. «Қадыр оқулары» байқауының қорытындысында мыңнан тұлпар, жүзден жүйріктер анықталды. "Сөздің бәрі құдіретті..." бөлімі бойынша бас жүлдені Маңғыстау ауданы, Е.Айшуақұлы атындағы орта мектебінің 6-сынып оқушысы Әзиза Түлейбай қанжығаласа, "Кейбір жырым дән ұшырып қырманда, кейбір жырым бақташы боп жүр маңда" бөлімі бойынша бас жүлдеге Маңғыстау ауданы, Шетпе гимназиясының 5-сынып оқушысыІнжу Садақбаева ие болды. Ал "Қуып шығар қызыл сөзді ой кейін" бөлімінде Түпқараған ауданы, Ақшұқыр мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Мадиасқар Қанжарұлы бас жеңімпаз атанды. Барлық жеңімпаздар диплом және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Ешбір қатысушы марапаттан құралақан қалған жоқ. Сондай-ақ бас жүлде иегерлері Орал қаласында наурыз айында өтетін байқаудың республикалық кезеңіне қатысып, аймақтың намысын қорғайды.
Ханым ҚУАТ Суреттерді түсірген автор
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="48766,48765,48767,48768"]